Туризм Түркістан қаласы экономикасының локомотивіне айналуда

Oinet.kz 30-10-2025 15

Түркістан – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін аса маңызды тарихи әрі рухани қала. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан бұл ежелгі қала ғасырлар бойы мұсылман жұртшылығының зиярат ету орнына айналып, «екінші Мекке» атанған. Әйгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев та Түркістанға «Ер түріктің бесігі ғой, екі дүниенің есігі ғой» деп баға бергенін айта кету керек. 2018 жылы Түркістан облысының құрылуы мен қала мәртебесінің жаңартылуы – оның дамуында жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.

1000497278.jpg

Түркістан – туристік әлеуеті мол қала. Жылдар бойы мұнда турист қарасы үзілмейді. Осы ретте, туризм Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты қозғаушы күшіне айналуға мүмкіндік өте жоғары. Қалада жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалар мен мәдени іс-шаралар аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Осы тұрғыда, Түркістан экономикасын туризм арқылы дамыту – стратегиялық маңызы бар міндет.

Жақында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары аясында мәдени мұра және туристік инфрақұрылым нысандарын аралады. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерекше назар аударылды.

Ермек Көшербаев реставрациялық жұмыстармен танысып, ескерткіштің тарихи келбетін сақтау аса маңызды екенін атап өтті. Қалпына келтіру жұмыстары республикалық бюджет есебінен жүргізілуде және оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Күлтөбе» археологиялық қалашығында Премьер-министрдің орынбасары нысанды тарихи сәулетке сай жарықтандыруды және кешкі экскурсиялар ұйымдастыруды тапсырды.

«Түркістан — бұл тек рухани орталық емес, сонымен қатар заманауи туризмнің маңызды орталығы. Біздің мақсатымыз — бірегей тарихи ескерткіштерді сақтай отырып, келушілерге сол дәуірдің атмосферасын сезінуге жағдай жасау», - деді Ермек Көшербаев.

Сапар барысында өңірдің көлік қатынасына да ерекше көңіл бөлінді. Вице-премьер лоукостерлерді тарта отырып, әуе рейстерінің географиясын кеңейтудің маңызын атап өтті.

«Әуе қатынасын дамыту – туристер ағынына тікелей әсер етеді. Қолжетімді рейстер Түркістанды Қазақстан халқы мен шетелдік қонақтар үшін одан әрі жақын ете түседі», — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде тарихи нысандарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатқанын баяндады.

«Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы көне Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы, тарихи-мәдени мұраны реставрациялау және сақтау – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі».

Бұл ретте Қостанайдан келген турист Қаниза Залиева өз әсерімен бөлісті.

«Қызымның ұсынысымен Түркістанға келдік. Бізді бұл жердің ерекше атмосферасы таңғалдырды. Мұнда тірі тарихты сезінесің, сонымен қатар заманауи қызмет, тазалық пен жайлылық бар. Туристерге деген қамқорлық анық байқалады. Мұндай мекеннің елімізде бар екеніне қуаныштымын», – деді ол.

Бүгінде Түркістан қаласында туризмнің дамуы инвестиция көлемінің артуына да себеп болып отыр. Қалада қазіргі уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту және саяхатшыларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну мақсатында бірнеше жоба жүзеге асырылуда.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласы экономикасының локомотивіне айналып келе жатқан  туризм – аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және елдің халықаралық беделінің артуына ықпал етеді. Табиғи, тарихи және мәдени ресурстарды тиімді пайдалана отырып, Түркістанды Орталық Азиядағы ең тартымды туристік орталықтардың біріне айналдыруға толық мүмкіндік бар. Туризмнің дамуы тек мемлекетке ғана емес, қарапайым халыққа да пайда әкеледі. Қалада жаңа қонақүйлер, мейрамханалар, көлік және гид қызметтері ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, кәдесый бұйымдары мен ұлттық тағамдарды сату арқылы шағын бизнес те өркендейді. Яғни, туризм Түркістан халқының әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерлікті жандандырады. Әрине, бұл бағытта шешімін табуды қажет ететін мәселелер де бар. Ең бастысы – қызмет көрсету сапасын жақсарту, туризм саласындағы мамандарды даярлау және инфрақұрылымды толық жетілдіру қажет. Сондай-ақ, табиғи орта мен тарихи ескерткіштерді сақтау – басты міндеттердің бірі болуы тиіс. Егер біз осы талаптарды орындай алсақ, Түркістан Орталық Азиядағы ең ірі және тартымды туристік орталықтардың біріне айналары сөзсіз.

Кәсіпкерлікті қолдау – басымдыққа ие бағыт
Түркістанның халықаралық танымалдылығы артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу