Кәсіпкерлікті қолдау – басымдыққа ие бағыт

Түркістан облысында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп, шағын және орта бизнесті дамытуға нақты қолдау шаралары жүзеге асырылуда. 2025 жылдың басынан бері өңірде құны 5 миллионнан 500 миллион теңгеге дейінгі 343 жоба сүйемелденіп, оның 205-і бүгінгі таңда іске қосылды. Бұл жобалар жалпы 31,3 млрд теңгені құрап, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Қалған жобаларды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жобалардың орындалу барысы кеңінен талқыланып, жауапты тұлғаларға кәсіпкерлерді қолдау шараларын жандандыру, өндірістік ғимараттар мен арнайы алаңдардың құрылысын жеделдету тапсырылды.
– Өндірістік ғимараттар салу шағын және орта бизнестің өнеркәсіп бағытында дамуына серпін беретін маңызды бастама. Сондықтан, өндірістік ғимараттардың құрылыс жұмыстарын жеделдетіңіздер. Жергілікті кәсіпкерлерді тарту арқылы жаңа өндірістік жобаларды орналастыру жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Іс бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіңіздер. Жобалардың жыл соңына дейін іске қосылуын толық қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің мәлімдеуінше, биыл 7 айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оң динамика байқалады. Жұмыс төрт негізгі бағыт бойынша жүргізілуде: бизнес жобаларды жүзеге асыру, қаржылай қолдау көрсету, индустриялық аймақтарды дамыту және өндірістік парктерді кеңейту.
Биыл іске қосылған жобалардың арасында: Шардара ауданында «Наурызбай» шаруа қожалығының күріш өңдеу зауыты (500 млн теңге); Жетісай ауданында «Kasym ASES» ЖШС-ның мия тамырын қайта өңдеу зауыты; Жетісайда «Торегелды» медициналық мақта өндірісі; Қазығұрт ауданында «Түркістан Агросервис» ЖШС-ның сүт өңдеу зауыты; Ордабасыда «Steel Frame» ЖШС-ның металл өндірісі және сұйық мақта майын өндіру жобасы; Арыста «ЮГ транс сервис» ЖШС-ның вагондардың арнайы құрамдарын жөндеу кәсіпорны; Бәйдібекте жеке кәсіпкердің қымыз және сүт өнімдері цехы және тағы басқа кәсіпорындар өз жұмысын бастады.
Алдағы уақытта өңірде мақта тұқымын өңдеу зауыттары, түйіршіктелген жоңышқа өндірісі, ойын алаңдарын жинау зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған агрегаттар, пластикалық құбырлар мен бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар, балық шаруашылығы, микробиологиялық тыңайтқыштар, кондитерлік және сүт өнімдерін өңдеу цехтері іске қосылады.
Қаржылай қолдау шаралары да тұрақты жүргізілуде. Биыл 181 жобаға жалпы 22,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Өрлеу» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмыстары басталды.
Түркістан облысы көлемінде 20 индустриялық аймақ пен бірнеше өндірістік парктер жұмыс істейді. Мысалы, Сауран ауданында жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимарат салуда. Облыс әкімі бұл тәжірибені барлық аудан және қалаларға таратып, кемінде 5 өндірістік ғимаратты жыл соңына дейін іске қосу тапсырмасын берді. Қазіргі таңда Шардара ауданы мен Түркістан қаласында нақты өндірістік парктердің құрылыс жұмыстары басталып, басқа әкімдіктерде жер телімдерін бөлу және әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде.
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 214 мыңнан астам бизнес субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада үшінші орында тұр, ал жүзеге асып жатқан жобалар мен индустриалды инфрақұрылым кәсіпкерлік климатты айтарлықтай жақсартуда.
Қорыта келгенде, Түркістан облысы жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, жаңа өндірістік жобаларды іске қосу және жұмыс орындарын көбейту арқылы экономиканы әртараптандыруға бағытталған нақты шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Индустриалды парктер мен арнайы экономикалық аймақтар, қаржылай қолдау және инфрақұрылымдық жобалар өңірді шағын және орта бизнес үшін тартымды орталыққа айналдырып отыр.


