Түркістан: Рейд барысында мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды
 
Түркістан облысында үш тәуліктік кең көлемді рейдтік іс-шара кезінде тәртіп сақшылары мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады. Ауқымды профилактикалық жұмыс облыс аумағында қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған болатын. Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, көшелерде, жолдарда және тұрғын аймақтарда құқықтық тәртіпті сақтау үшін тәулік бойы қызмет атқарып, нәтижесінде 70 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың 58-і бойынша күдіктілер ізін суытпай ұсталды. Сонымен қатар іздеуде жүрген үш азамат қолға түсіп, бұрын жасалған екі қылмыс ашылды.
Рейд барысында тіркелмеген қару сақтаудың бес дерегі мен есірткі және қару-жарақ заттарын заңсыз тасымалдаудың алты жағдайы анықталды. Сонымен қатар үш тәулікте 961 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл фактілердің ішінде мас күйінде қоғамдық орындарда жүрген 132 тұрғын, түнгі уақытта ата-анасының бақылауынсыз жүрген 193 жасөспірім бар екені белгілі болды. Алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзған 10 кәсіпкер де заң алдында жауапқа тартылды.
Сауран ауданында тәртіп сақшылары түнгі сағат 23:30 шамасында 21 жасқа толмаған азаматқа ішімдік өнімін сатқан дүкен иесін анықтап, жеке кәсіпкерге қатысты іс материалдарын сотқа жолдады. Ал жол қозғалысы саласында да заң бұзушылықтар аз емес. Автокөлікті мас күйінде басқарған 11 жүргізуші және қарсы қозғалыс жолағына шыққан 19 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түлкібас ауданында полицейлер мас күйде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіні ұстады. Тексеру барысында оның сақтандыру полисі жоқтығы, техникалық байқаудан өтпегені және жолаушылар тасымалдау ережелерін бұзғаны анықталды. Барлығы төрт әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
Мұндай жүйелі шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық санасын арттыру. Түркістан облысының полиция департаменті мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты жұмыстар атқаруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Президент өз сөзінде: «Жол-көлік апаттарынан жыл сайын жүздеген азаматымыз көз жұмады. Бұл – қасірет. Әрбір жол – адам өміріне жауапкершілік. Сондықтан жол қозғалысы мәдениетін көтеріп, заңды бұзғандарға шараны күшейту қажет» – деп атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында жол қозғалысы саласындағы тәртіпті нығайту, апаттардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді Ішкі істер министрлігі мен өңір әкімдіктерінің басты басымдықтарының бірі етіп қойды.
Қауіпсіздік мәдениеті – тек полицияның немесе мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жүргізушілердің мәдениеті – қоғамның құқықтық деңгейін айқындайтын көрсеткіш. Қазіргі таңда елімізде жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға, мас күйінде көлік басқаруға, жылдамдық режимін сақтамауға және жол ережесін бұзуға қатысты жазаны қатаңдату бағытында заңнамалық өзгерістер енгізілуде.
Бұл ретте Түркістан облысының тәртіп сақшыларының үш тәуліктік шарасы – тек заң бұзушыларды анықтау емес, сонымен қатар алдын алу мен түсіндіру жұмыстарына басымдық берудің нақты мысалы. Полиция қызметкерлері рейд кезінде тұрғындармен кездесіп, құқықтық мәдениетті арттыру, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мұндай профилактикалық шаралар қоғамда құқық бұзушылықтың азаюына, азаматтардың өз міндеттерін жақсырақ түсінуіне мүмкіндік береді.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандарды қорғау – бұл «Қауіпсіз ел» бастамасының негізгі құрамдас бөлігі. Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құрған жағдайда ғана тұрақтылық пен өркендеу орнайды. Сондықтан Түркістан облысында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар еліміздің барлық өңірлеріне үлгі боларлық тәжірибе болып табылады.
Полицияның күнделікті қызметі – тек құқық бұзушыларды жазалау емес, қоғамда бейбіт өмір мен қауіпсіздікті сақтау. Әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен амандығы – мемлекеттің басты құндылығы. Осы тұрғыда «Қауіпсіз ел» жобасының шеңберінде жолдағы және қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл – Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» қағидатына сай заң мен тәртіп үстемдігін орнатудың нақты көрінісі.


