Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда Түркістанда азық-түлік бағасы едәуір төмен

Oinet.kz 16-10-2025 19

9d08e204e4c6ff93d5003e1218d3dea9a4236f38.jpg

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және негізсіз жоғарлауына байланысты шаралар қолға алынған. Жалпы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда мұнда баға едәуір төмен. Мәселен, Түркістан қаласын алатын болсақ, мұнда статистикалық деректерге сүйеніп айтсақ, шаһарда тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа мен көкөніс өнімдерінің бағасы біршама төмен екенін аңғаруға болады.

Бүгінгі күні ет бағасының жоғарылап бара жатқаны жасырын емес. Ет бағасын тұрақтандыру жұмыстары облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында тұр. Ет өндіретін шаруаларға арнайы мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр еті базарларда 2600 теңгеден өткерілуде. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамы өкілдерінің айтуынша, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы шаралар күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу, тұрғындарды қолжетімді өніммен қамтамасыз ету мақсатында мониторинг пен бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында әкімдіктің тұрақтандыру қорында жеткілікті көлемде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қалыптастырылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 39 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен саудалануда.

«Түркістан» ӘКК» АҚ-на қарасты әлеуметтік дүкендер желісінің 26-ы Түркістан қаласында орналасқан. Ал Кентау қаласында – 7, Арыс қаласында – 3, сондай-ақ, 3 ірі сауда үйінде және 25 сауда орнында ұйымдастырылған әлеуметтік бұрыштар жұмыс істейді. Бұл дүкендерге Тұрақтандыру қоры арқылы 19 әлеуметтік маңызы бар тауар жеткізіледі. Атап айтқанда, ұн, қант, күнбағыс майы, жұмыртқа, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және басқа да өнімдер облыс аумағындағы ірі сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерде нарықтан төмен бағада сатылуда.

Республика бойынша сиыр етінің бағасы қымбаттауына байланысты Түркістанда сиыр етінің бағасы тұрақтандыру мақсатында орталық базар мен ірі сауда желілеріне сиыр етінің 1 килограмы 2300 теңгеден жеткізілуде. Одан бөлек, облыс орталығы мен аудан, қалаларда дәстүрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, онда өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен ұсынылуда. Сонымен қатар әр апта сайын облыс аумағында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен өнімдер нарыққа делдалсыз жеткізілуде. Нәтижесінде, тұтынушылар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан 20-30 пайыз төмен бағада сатып алуда.

Бұдан бөлек, «Береке Fest» акциясы басталып, сауда желілерінде бағаның өсуін тежеу және төментеду мақсатында сауда үстемесі 10 пайыздан аспауға тиіс деген шартпен міндетті меморандумдар жасалды. Аталған акция барысында қала аумағындағы 14 супермаркетпен арнайы меморандумдар түзілді. Түркістан қаласындағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Соңғы бір айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсіргені үшін 59 сауда орнына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар өндірілді.

Түркістанда ай соңына дейін екі автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылады
Ордабасы: Жаңа фармацевтикалық кәсіпорын ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу