Түркістанда ай соңына дейін екі автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылады

Түркістан облысында автомобиль жолының сапасын сақтау және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында екі автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылды. «Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ басшысы Ербол Ахметовтың айтуынша, автоматтандырылған өлшеу станциясы – отандық және шетелдік жүк көліктерінің салмағы мен габариттік параметрлерін автоматты түрде өлшейтін, құқықбұзушылықтарды анықтап, жол жабындысының бүлінуін алдын алуға арналған жүйе.
Ал Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыста ауыр салмақты жүк көліктерінің жүк арту талабын сақтау мақсатында 7 автоматтандырылған өлшеу станцияларын (АӨС) орнату жоспарланған. Бүгінгі күні 2 станция жұмыс істеп тұрса, жыл соңына дейін қосымша екеуі іске қосу көзделген.
– Бүгінгі таңда ауыр жүк тасымалдаушылар тарапынан 1045 құқықбұзушылық анықталып, 524 миллион теңге айыппұл салынған. Оның қазіргі таңда 125,1 миллион теңгесі өндірілді. Жуырда ғана облыс әкімдігінің қабылдау бөлімінде ауыр жүк тасымалдаушылар өкілдерін қабылдау өтті. Онда жүргізушілер өздерін алаңдатқан сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Айта кетейік, автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату, жүк көліктерінің белгіленген салмақтан артық жүк артпай тәртіп сақтауы – жолдардың жақсы қалыпта сақталуына сеп болмақ, – деді Қуатжан Әзімбайұлы.
«Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ басшысы Ербол Ахметовтың айтуынша, облыста автоматтандырылған өлшеу стансасы осы айдың басында қосылды. Бұған дейін облыста инспекторлар жүк көліктерінің салмағы жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде қолмен өлшенетін. Қазір бұл процесс толығымен автоматтандырылды. Құрылғы көліктің артық салмағын өлшеп, деректерді бірден бірыңғай дерекқорға жібереді. Артық салмақ анықталған жағдайда көлік иесіне айыппұл салынады. Нұсқама түскеннен кейін жүргізушілер 7 күн ішінде айыппұлды төлесе 50 пайыз жеңілдетіледі, ал ұзап кетсе шара қолданылады.
– Қазіргі уақытта Арыс қаласына қарасты облыстық маңызы бар КХ-8 және КХ-92 автомобиль жолдарына автоматтандырылған өлшеу станциялары жұмыс істеп тұр. Жалпы жүк көліктеріне бірқатар талаптар қойылған. Нақтырақ айтар болсақ, 1 осьтік жүк көліктеріне – 10 тонна, 2 осьтікке – 18 тонна, 3 осьтікке – 20 тонна және тіркемесі бар жүк көліктерге – 50 тоннаға дейін жүк артуға рұқсат етіледі. Талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл салынады, – деді ол.


