Нашақорлық – ұлттың болашағына төнген қауіп

Oinet.kz 23-10-2025 26

 7.jpg

Түркістан қаласында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытындағы 2025 жылдың тоғыз айы ішінде атқарылған кешенді жұмыстар қорытындыланып, осы саладағы түйткілдер мен алдағы міндеттер талқыланған арнайы жиын өтті. Есірткімен күрес тек қана құқық қорғау органдарының емес, тұтас қоғамның, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін ұғындыру мақсатындағы бұл басқосуға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, полиция департаментінің, прокуратураның, басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Түркістан қаласы полиция басқармасына қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мамандары 2025 жылдың алғашқы он айындағы және ағымдағы жылдың 17 қазанына дейінгі кезеңдегі нақты деректерге сүйене отырып, есеп берді. Аталған мерзім ішінде есірткіге қатысты 61 қылмыстық іс тіркеліп, олардың көпшілігі арнайы жедел-іздестіру және профилактикалық шаралардың нәтижесінде анықталған.

1 маусым мен 31 қазан аралығында жүргізілген «Қарасора» атаулы жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары 10 деректі әшкерелеп, жалпы көлемі 2 785,86 граммды құрайтын есірткі заттарын тәркіледі. Оның ішінде шөптектес есірткілер – 2 783 грамм болса, синтетикалық есірткі – 2,86 грамм. Сонымен қатар заңсыз егілген 54 түп есірткі өсімдігі жойылып, айналымнан алынды. Бұл – қазіргі қоғамда заңсыз есірткі айналымының нақты қауіп төндіріп тұрғанын көрсететін алаңдатарлық көрсеткіштер.

Жиында сөз болған тағы бір маңызды бағыт — жастар арасында нашақорлықтың алдын алу. Осы мақсатта биылғы жылы мектептер мен колледждерде «Нашақорлық пен синтетикалық есірткіге жол жоқ!» тақырыбымен 35-ке жуық кездесу ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Білім беру мекемелеріндегі бұл кездесулерде жасөспірімдерге есірткінің адам денсаулығына, психикасына және болашағына төндіретін қауіпті салдары жан-жақты түсіндірілді.

Сонымен бірге, «Көкнәр», «Допинг», «Дәрмек» сияқты бірнеше республикалық ауқымдағы жедел іс-шаралар қала аумағында жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Бұл шаралар шеңберінде үй-жайларды, ойын-сауық орындарын, жалдамалы пәтерлер мен интернет кеңістігін бақылау күшейтілді. Онлайн-мониторинг арқылы синтетикалық есірткілерді сату әрекеттерін анықтау және олардың жолын кесу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда интернет желісі арқылы таратылатын есірткілер – ең қауіпті әрі тез таралатын қылмыс түріне айналып отыр.

Халықтың арасында ақпараттық жұмысты жандандыру мақсатында сауда орындары, базарлар мен қоғамдық көлік аялдамаларында парақшалар таратылып, бейнероликтер әзірленіп, әлеуметтік желілер мен медиа алаңдарда тұрақты түрде жарияланып келеді. Алдағы уақытта аталған бейнематериалдарды LED экрандар арқылы қала тұрғындарына кеңінен көрсету жоспарланған. Бұл – визуалды тәсілмен халықтың назарын аударып, теріс әрекеттерден бойды аулақ ұстауға шақыратын маңызды профилактикалық қадам.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Президент өз Жолдауларында бірнеше мәрте: «Нашақорлық – ұлттың болашағына төнген қауіп. Бұл – жай ғана әлеуметтік кесел емес, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін ұлттық деңгейдегі мәселе. Сондықтан есірткіге қатысты қылмыстарға ешқандай ымыра болмауы тиіс. Заң қатаң орындалуы керек», — деп атап көрсетті. Бұл сөздер қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әділеттіліктің негізі ретінде әрбір жауапты органның жұмысына бағыт-бағдар болуға тиіс.

Түркістан қаласының тәртіп сақшылары қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстармен қатар, есірткімен күресудің жаңа тәсілдерін де енгізуде. Қазіргі таңда нашақорлықпен күрес тек жазалаумен шектелмеуі керек — бұл салада білім беру, әлеуметтік қолдау, психологиялық оңалту, қоғамдық бақылау және ата-аналық жауапкершілік секілді бірнеше бағыт қатар жүруі тиіс. Әсіресе жастар арасында синтетикалық есірткіге еліту фактілерінің артуы — болашаққа үлкен қауіп. Осы ретте барлық тараптардың бірлескен іс-қимылы ауадай қажет.

Қалалық әкімдік пен полиция тарапынан бұқарамен тығыз байланыс орнатып, қоғамда «есірткіге мүлде төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Тек құқық қорғау органдары ғана емес, ата-аналар, мұғалімдер, дәрігерлер, дін өкілдері мен қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, есірткіге қарсы күресті жалғастыруы тиіс.

Жиын қорытындысында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы нашақорлықтың алдын алу жұмыстарының стратегиялық маңыздылығына тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы бұл тақырыпты көтеруді үнемі назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, құқық қорғау және білім беру мекемелеріне халықпен тығыз байланыс орнатып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бұрынғыдан да белсенді жүргізуді тапсырды.

Бүгінде есірткімен күрес – мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі. Заң мен тәртіпті сақтау, халықтың құқықтық мәдениетін көтеру және жастарды теріс жолдан сақтау – барша қоғамның ортақ міндеті. Бұл жолда әрбір қадам, әрбір іс – келешек ұрпақтың амандығы мен мемлекеттің ертеңі үшін жасалатын маңызды қадам болып қала бермек.


Қаржылық сауаттылық алаяқтардың тұзағынан сақтайды
Мемлекеттік қызметші заң мен тәртіпті басшылыққа алуы тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу