Қаржылық сауаттылық алаяқтардың тұзағынан сақтайды

Oinet.kz 20-10-2025 15

6.jpg 

Түркістан облысы Сауран ауданында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қаржы саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында ерекше форматтағы ауқымды іс-шара өтті. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен аудан көлемінде «Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант» ұйымдастырылды.

Қаржы саласындағы қауіптер күн санап күрделеніп, заманауи технологиялардың көмегімен алаяқтық әрекеттердің түрі мен тәсілі артып келе жатқан уақытта, осындай бастамалар қоғамның қорғаныс қабілетін күшейтудің маңызды құралына айналуда. Іс-шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, сондай-ақ аудан прокуратурасының аға прокуроры Нұрлыбек Темірбаев қатысып, қаржылық қауіпсіздіктің мән-маңызы жайында жан-жақты баяндама жасады.

Жиын барысында тұрғындарға қазіргі таңда жиі кездесетін қаржылық алаяқтық түрлері, оның ішінде қаржы пирамидалары мен жалған инвестициялық ұсыныстар, жалған банк қызметкерлерінің әрекеттері туралы нақты ақпараттар берілді. Спикерлер қоғамда жиі орын алып жатқан цифрлық алаяқтық жағдайларын мысалға келтіре отырып, азаматтардың өз қаражатына және жеке деректеріне ұқыпты қарауы қажеттігін ескертті. Сонымен бірге, бұл қауіптерден заң аясында қорғанудың жолдары мен құқықтық құралдары түсіндірілді.

Мұндай түсіндіру жұмыстары — азаматтардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Себебі, қоғамда заңға деген құрмет пен қаржылық мәдениет қатар орныққанда ғана мемлекет пен азамат арасындағы сенім артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бірнеше рет атап өткендей, "Қаржылық тұрақтылық пен әділетті заң үстемдігі – мемлекеттің сенімді тірегі. Бұл қағидаттардан ешқашан айнымаймыз". Осы бағытта қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар, оның ішінде білім беру және құқықтық ағарту жобалары – ел болашағына салынған инвестиция.

Іс-шара шеңберінде өткізілген республикалық диктант – тұрғындардың білім деңгейін бағалап қана қоймай, қаржылық ойлау қабілетін дамытатын тәжірибелік құрал. Диктантқа кез келген ниет білдіруші азамат қатыса алады. Қатысушылар алдын ала онлайн платформада тіркеліп, 25 минут ішінде 20 сұраққа жауап беруге мүмкіндік алады. Бұл сұрақтар қаржылық қауіпсіздік негіздері, алаяқтық әрекеттерді тану, заңды қаржы құралдарын пайдалану тәртібі және жеке қаражатты қорғау тақырыптарын қамтиды. Дұрыс жауаптардың санына қарай қатысушыларға цифрлық дипломдар мен сертификаттар табысталады. Ал ең үздік нәтиже көрсеткен алғашқы 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар қарастырылған.

Мұндай практикалық форматтағы шаралар азаматтардың тек қаржы саласындағы емес, жалпы құқықтық білімін тереңдетуге сеп болады. Заң алдындағы жауапкершілік сезімін арттыру, құқықтық мәдениетті нығайту – құқықтық мемлекет құрудың алғы шарты. Қаржылық сауатты адам өзіне де, қоғамға да зиян келтірмей, заңды жолмен әрекет етеді. Ол алаяқтардың тұзағына түспейді, өз қаражатын тиімді басқара алады және болашағын жоспарлауға бейім болады.

Жиынға қатысқан білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтар, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен жергілікті тұрғындар қаржылық қауіпсіздіктің өзектілігін терең түсініп, өз салаларында мұндай ақпаратты кеңінен насихаттау қажеттігін қолдады. Әсіресе жас ұрпаққа қаржылық білім берудің маңыздылығы ерекше аталып өтілді. Себебі ертеңгі күні өз қаражатын тиімді басқара алатын, заңға бағынатын, жауапты азамат қалыптастыру — бүгінгі күннің басты міндеті.

Іс-шара соңында қатысушылар қаржы және құқық салаларындағы білімдерін нығайту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл диктант — тек бір реттік акция емес, қаржылық мәдениетті қоғамға терең сіңірудің, сананы жаңғыртудың, азаматтық жауапкершілікті арттырудың айқын мысалы. Алаяқтыққа жол бермеудің басты жолы – білім мен сақтық екенін көрсетті.

Сауран ауданында өткен бұл іс-шара – еліміздегі қаржылық қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстардың бір көрінісі. Болашақта осындай бастамалардың кеңінен қанат жаюы – қауіпсіз әрі заңға негізделген қоғам қалыптастыру жолындағы нақты қадам болмақ.


Бәйдібек: «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының орындалуы талқыланды
Нашақорлық – ұлттың болашағына төнген қауіп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу