Түркістан: Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде
Түркістан облысы Полиция департаменті мен Арыс аудандық полиция бөлімінің Отбасы‑тұрмыстық зорлық‑зомбылыққа қарсы күрес тобы бірлесіп «Отбасын қолдау орталығында» тұрмыста қысым көрген азаматтармен кездесіп, пікір алмасу шарасын өткізді. Бұл жоба — зорлық‑зомбылық көрген жандарға құқықтық, психологиялық көмекті жақыннан таныстыруға арналған іс-шаралардың бірі.
Отырысқа қатысқан құрамда – Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызмет басқармасының отбасылық‑тұрмыстық зорлыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы полиция майоры Жамила Нұржігітова, полиция аға лейтенанты Гүлбану Ділдабекова, орталық директоры С. Мұсабеков, бөлім меңгерушісі Ж. Абылова, психолог маманы К. Төлебаева болды. Олар кездесуде жәбірленушілерге бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету жолдарын ашық жеткізді.
Кездесу барысында жәбірленуші азаматшалар өз ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Полиция қызметкерлері мен орталық мамандарының жұмысына алғыстарын білдірді. Полиция майоры Жамила Мыңжанқызы отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті, жәбірленушілермен сөйлесіп, оларды моральдық қолдауға бағыт-бағдар бере отырып, пікір алмастырды. Полиция аға лейтенанты Гүлбану Нұрғалиқызы зорлық көрген тұлғаларға кез-келген уақытта құқықтық және психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді. Кездесуден соң, аудан бойынша «Қорғау» нұсқамасында тұрған адамдардың мекенжайларына тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында тұрғындармен жеке әңгіме құрылып, отбасындағы — физикалық, психологиялық, вербальды зорлықтың түрлі формалары мен олардың салдары талқыланды. Құқықтық тетіктер мен алдын алу жолдары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік қызмет көрсету жүйелері арқылы кері байланыс, тұрақты көмек көрсету механизмдері түсіндірілді.
Бұл іс-шара Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді. Облыста арнайы бөлімшелер құрылып, түрлі бекітілген алгоритмдер мен жедел топтар жұмыс істейді. Мысалы, облыста отбасын қорғау орталықтары ашылған, жәбірленушілерге кешенді қолдау көрсетіледі — құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмектер ұсынылады. Сонымен бірге, облыста гендерлік зорлық‑зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар республика деңгейінде де алдыңғы қатарға қойылған.
Арыс ауданында ұйымдастырылған кездесу – заңның үстемдігін сақтау, қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайту, отбасылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Осындай бастамалар қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді, және әрбір азаматтың құқықтары қорғалатындығын сезінуіне жағдай жасайды.