Түркістан: Күн тәртібінде экономикалық қауіпсіздік
Түркістан облысында ішкі нарықты арзан әрі сапасыз импорт өнімдерінен қорғау бағытындағы кешенді шаралар күшейтіліп келеді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ұлттық экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өндірушілердің құқығын қорғау және ішкі нарықты әділ әрі ашық бәсекелестік алаңына айналдыру жөніндегі тапсырмаларының аясында жүзеге асуда. Президент өз Жолдауларында ел экономикасының тұрақтылығы тек стратегиялық салалардың дамуына ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықтың сенімді қорғалуына да тікелей байланысты екенін атап өткен болатын. Сондықтан да заңның үстемдігін қамтамасыз ету, техникалық регламенттер мен сапа талаптарының орындалуын қатаң бақылауда ұстау — бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналып отыр.
Осыған байланысты Түркістан облысында тұтынушылардың құқығын қорғау, қауіпті өнімдердің айналымына жол бермеу және заңсыз сауданың алдын алу бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы айларда азық-түлікпен қатар, жиі өрт шығуына себеп болатын кабель өнімдері, электр құрылғылары, сапасыз құрылыс материалдары сияқты азық-түлік емес тауарларға да ерекше назар аударылуда. Бұл – тек тұтынушылардың ғана емес, қоғамдық қауіпсіздіктің, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымдардың, тіпті адам өмірінің қауіпсіздігімен байланысты маңызды мәселе.
Биылғы жылы мемлекеттік бақылау шараларымен 184 кәсіпкерлік субъектісі қамтылып, нәтижесінде 9 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтің төрағалығымен өткен, ішкі нарықты қорғау және сапасыз импортқа қарсы әрекет ету мәселелеріне арналған ахуалдық штабтың кезекті отырысында мәлім болды. Шараға салалық мемлекеттік органдардың, кеден және тарифтік реттеу салаларының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, ішкі нарықты қорғауға қатысты 9 негізгі мәселені талқылады.
Көптеген тексерулер профилактикалық сипатта жүргізіліп, 92%-ы қашықтан бақылау форматында іске асырылған. Бұл – кәсіпкерлерге қысым көрсетпей, заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа тәсілдердің енгізіліп жатқанын көрсетеді. Бұл ретте, заңнамалық талаптарды сақтау — тек бақылаушы органдардың емес, әрбір кәсіпкердің де азаматтық жауапкершілігі екенін ұмытпау қажет. Заң мен тәртіпке негізделген қоғамда ешкім де жеке пайда үшін халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіруге құқылы емес.
Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары уәкілетті органдарға бақылау тетіктерін күшейтуді, шекара маңындағы өткізу бекеттерінде ветеринариялық және фитосанитариялық тексерулерді үздіксіз әрі сапалы жүргізуді тапсырды. Бұл әсіресе шекарадан өтетін ауыл шаруашылығы өнімдері мен құрылыс материалдарына қатысты ерекше маңызды. Себебі, көрші елдерден келетін кейбір тауарлар техникалық регламенттерге мүлде сай келмей, ішкі нарыққа заңсыз жолмен енуде.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Асет Туребаев та өз есебін ұсынды. Ол алдыңғы штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы және мемлекеттік бақылау нәтижелері жөнінде баяндады. Атап айтқанда, «QazCem» бірлестігінің шағымы негізінде Өзбекстанда өндірілген «CONCH» маркалы цементке қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, жалған сәйкестік сертификаттарымен сатылған өнімдер анықталған. Бұл – техникалық регламенттердің өрескел бұзылуы ғана емес, сонымен қатар отандық нарықты әділетсіз бәсекеден қорғау мәселесінің өзектілігін айқын көрсетеді.
Жетісай мен Сарыағаш аудандарында аталған цемент өнімдеріне қатысты анықталған бұзушылықтар бойынша екі жеке кәсіпкерге 920 мың теңгеден астам айыппұл салынып, өнімді айналымға шығаруға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл іспен Шымкент қаласының құқық қорғау органдары айналысуда, себебі тауар жеткізуші тарапынан қылмыстық іс белгілері байқалған. Бұл жайт – заңның үстемдігі мен қатаң орындалуының нақты көрінісі. Заңсыз өніммен пайда тапқысы келетіндер енді тек әкімшілік жауапкершілікпен ғана емес, қажет болған жағдайда қылмыстық жазаға да тартылатын болады.
Отырыс барысында Қазақстанның тас өңдеу саласы бойынша «Qazaq Stone» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дәурен Ағзымов пен цемент және бетон өндірушілер қауымдастығы «QazCem» бірлестігінің төрағасы Ербол Ақымбаев ішкі нарықты қауіпті құрылыс материалдарынан қорғау бағытында өз ұсыныстарын ортаға салды. Олардың айтуынша, соңғы жылдары құрылыс саласында сапасыз әрі қауіпті шетелдік өнімдердің көбеюі отандық өндірушілердің мүддесіне нұқсан келтіруде. Бұл – мемлекеттің техникалық қауіпсіздік саласындағы беделіне, экономикалық қауіпсіздікке және ең бастысы, азаматтардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Штаб отырысында сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы жеделсатылар мен ойын аттракциондарының қауіпсіздігі, табиғи тастар мен цементтен жасалған бұйымдарды облыс аумағына жеткізу тәртібі, олардың сәйкестік құжаттарының заңдылығы, шекаралық бекеттерде санитарлық бақылаудың тиімділігі туралы мәселелер кеңінен сөз болды. Жиын барысында заңнамада белгіленген талаптарға сай келмейтін өнімдер бойынша жалған құжаттарды анықтау жолдары да талқыланып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілді. Штаб мүшелерінің ұсыныстары хаттамаға енгізіліп, тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданатын болды.
Айта кету керек, былтырғы жылы іске қосылған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы аясында ішкі нарықты қорғау және отандық өнім сапасын арттыруға бағытталған Жол картасы бекітілген болатын. Бұл жоба тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Мұндай қоғамдық бақылау тетіктері мемлекеттік бақылау жүйесінің ашықтығын арттырып, заң үстемдігін қамтамасыз етудің тиімді құралдарының біріне айналып отыр.
Түркістан облысында жүргізіліп жатқан бұл жүйелі жұмыс – заң мен тәртіп қағидаттарын басшылыққа ала отырып, тұтынушылар мүддесін қорғау және ішкі нарықты қауіпсіз әрі сапалы тауарлармен қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Заң алдындағы жауапкершілік пен мемлекеттік бақылаудың пәрменділігі артқан сайын, нарықтағы тәртіп те орнайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елімізде әділеттілік үстемдік құруы үшін заң бәрінен биік тұруы керек. Бұл қағидат – тек құқық қорғау жүйесінің ғана емес, жалпы мемлекеттіліктің негізі. Ішкі нарықты қорғау бағытындағы атқарылып жатқан шаралар осы стратегиялық мақсатқа адал қызмет етудің айқын дәлелі.