Айыптаушылар Түркістанда бас қосты

Oinet.kz 25-09-2025 10

2.jpg 

Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі аса ауқымды әрі құқықтық маңызы зор іс-шара – Мемлекеттік айыптаушылардың алғашқы Халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Бұл форумға Қазақстан Республикасымен қатар, Мажарстан және түркітілдес елдер – Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстанның прокуратура органдарының жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Шараның өткізілуі – Қазақстанның құқықтық жүйесінің ашықтық пен халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын ұстанатынының нақты айғағы.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов бұл форумның маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік айыптаушылардың мұндай халықаралық кездесуі – құқық қорғау органдары арасында өзара іс-қимылды күшейтуге, заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы әдіс-тәсілдерді жетілдіруге және ұлттық құқықтық жүйелерді әлемдік тәжірибемен ұштастыруға жол ашатын бірегей алаң. Сондай-ақ, бұл жиын прокуратура институтының дамуына жаңа серпін береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында заңның үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарының ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелерін үнемі баса айтып келеді. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, прокуратура органдарына азаматтардың құқығын қорғау жолында жауапкершілікті арттыруды, халықтың сенімін ақтайтын шынайы әділдіктің орнауын басты міндет етіп белгілеген болатын. Осыған орай, Мемлекет басшысы құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидасын енгізуді, ал қылмыс жасағандарға қатысты «жазаның бұлтартпастығы» принципін мүлтіксіз сақтауды тапсырған еді. Бүгінгі өтіп жатқан халықаралық форум дәл осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған ауқымды әрі мазмұнды диалог алаңына айналып отыр.

Қазақстан Президентінің көмекшісі Ерлан Жиенбаев пен Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев форум қатысушыларына құттықтау жолдап, мұндай халықаралық диалог алаңдарының құқықтық жүйелер арасындағы сенімді нығайтуға, әділеттілік пен заңдылық қағидаттарын жандандыруға үлкен үлес қосатынын атап өтті. Олар форумның заманауи қауіптер мен қылмыс түрлеріне қарсы күресте айыптаушылардың рөлін күшейтетінін, сондай-ақ бірлескен шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

Форум барысында Қазақстан тарапынан тәжірибелі мемлекеттік айыптаушылар сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Олар заңды мүлтіксіз сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту мен қылмыстық жауапкершілікті қамтамасыз ету жолындағы нақты практикалық қадамдарды таныстырып, прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын ортаға салуда. Мұндай алмасу мемлекеттер арасындағы құқықтық мәдениетті жетілдіруде және ортақ стандарттар қалыптастыруда ерекше рөл атқарады.

«Заң және тәртіп» қағидаты – еліміздегі құқықтық саясаттың басты тіректерінің бірі. Президент Тоқаев атап өткендей, «заң үстемдігі болмаса – әділетті мемлекет болмайды». Сондықтан прокуратура органдарының қызметі тек қылмысты тергеп-тексерумен шектелмей, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлықпен күресуге, мемлекеттік органдардың шешімдерінің заңдылығын қадағалауға бағытталуы тиіс. Мемлекеттік айыптаушы ретінде прокурорлар әділеттіліктің қорғаны болуға тиіс. Бұл міндеттің жүгін тек кәсіби деңгейі жоғары, моральдық ұстанымы берік тұлғалар ғана алып жүре алады.

Бас Прокурор Берік Асылов өз сөзінде: «Мемлекеттік айыптау институтын заман талабына сай жетілдіру – тек ұлттық қадамдармен шектелмейді. Бұл бағытта біз халықаралық тәжірибеге сүйенуіміз керек. Жаһандық үрдістерді ескере отырып, тиімді құқықтық модельдерді енгізу ұлттық сот төрелігі жүйесінің сапасын арттырады», – деп атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде мемлекеттік айыптаудың маңызы тек сотта айыпты дәлелдеумен шектелмейді. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу, әділетті жазаны қамтамасыз ету, және сонымен қатар заңсыздықтарға жол бермеу бағытында да белсенді рөл атқарады.

Форум бағдарламасына құқықтық цифрландыру, заманауи технологияларды қолдану, жасанды интеллект көмегімен қылмыстарды болжау және талдау, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мәселелері енгізілген. Қатысушылар екі күн бойы өз елдеріндегі үздік тәжірибелермен, құқық қолдану практикасы саласындағы шешімдермен бөлісіп, түрлі оқыту тренингтеріне, интерактивті пікірталастар мен викториналарға қатысады.

Осы форум – тек бір реттік шара емес, болашақтағы терең ынтымақтастықтың бастауы. Түркістан қаласында өтіп жатқан бұл форум арқылы Қазақстан халықаралық құқықтық алаңда өзінің ашықтығы мен сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, бұл іс-шара мемлекетіміздің құқық қорғау саласындағы ашық реформаларының, кәсібилікті арттыру бағытындағы табанды әрекеттерінің жемісі деуге болады.

Прокуратура органдары мемлекеттіліктің іргетасы саналатын заңдылық қағидатын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Заң үстемдігі – бұл жай ғана ұран емес, ол қоғам мен биліктің өзара сенімділігіне, тұрақтылық пен қауіпсіздікке негізделген басты тірек. Сол себепті де, мұндай халықаралық кездесулер әр елдегі құқық қорғау жүйелерінің үздік үлгілерін өзара бөлісуге, олардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына жаңа деңгейде қол жеткізуге мүмкіндік береді.


Түркістан облысы: Қала тұрғындары ауыз сумен 100 пайыз қамтылған
Түркістан: Күн тәртібінде экономикалық қауіпсіздік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу