Заң мен тәртіп – тұрақтылықтың негізі

Oinet.kz 17-09-2025 17

3.jpg 

«Заң мен тәртіп – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Тәртіп болмаса, ешқандай игілікке қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру – басты талап», – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі заң үстемдігі мен тәртіпке қатысты нақты ұстанымын білдірген болатын.

Президент құқық бұзушылықтарға, оның ішінде экологиялық талаптардың сақталмауына «нөлдік төзімділік» қағидаты негізінде қарау қажеттігін бірнеше рет қатаң ескерткен. Бұл ұстаным бүгінгі таңда ел көлемінде, соның ішінде Түркістан облысында нақты іс-қимылға айналып отыр.

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік және қоғамдық мәдениетті көтеру бағытындағы маңызды ұлттық жоба. Аталған бастама аясында Түркістан облысында бірқатар нақты жұмыстар қолға алынып, өңірлік деңгейде жоспарланған шаралар жүйелі түрде орындалуда. Бағдарламаның орындалу барысы облыс басшылығы тарапынан ұдайы бақылауда ұсталып келеді.

Жақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірдегі іске асу деңгейі талқыланды. Жиында облыстағы экологиялық тазалық, санитарлық талаптарды сақтау және қалдықтарды басқару ісінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кең көлемде баяндама жасалды.

Өткен аптада облыс аумағында жалпы саны 209 тазалық акциясы ұйымдастырылып, оған 59 027 азамат тікелей қатысты. Елді мекендердегі көшелер мен қоғамдық орындар, өзен-көлдердің маңайы, жасыл аймақтар мен демалыс аумақтары қоқыстан тазартылып, жалпы көлемі 189 тонна тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылған. Бұл шаралардың басты мақсаты – экологиялық тәртіпті орнатып, тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәжіліс барысында әкімдер мен тиісті басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеп, санитарлық нормаларды бұзуға жол бермеуді талап етті. Ол өз сөзінде:
– Аудан және қала әкімдіктері тазалық шараларын үнемі және жүйелі түрде жүргізуге міндетті. Әсіресе, тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге төгу деректерінің алдын алу үшін рейдтік бақылауларды күшейтіп, заң бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдануы тиіс. Өз жұмысын салғырт атқарған лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шешім қабылданады, – деп атап өтті.

Тазалық мәдениетін көтеру бағытында Түркістан облысында ақпараттық-ағарту жұмыстары да кең көлемде жүргізілуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында халық арасында насихаттау мен түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Қазіргі таңда цифрлық форматта жұмыс істейтін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 029 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 3 022 өтініш толығымен орындалып, қалған 7-і орындалу сатысында.

Мемлекет басшысы құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстану қажет екенін айтып, бұл бағытта полиция мен жергілікті билікке үлкен жауапкершілік жүктеген еді. Осыған байланысты облыс бойынша қоғамдық орындарда тәртіп бұзушыларға қатысты шаралар қатаңдатылып отыр. 2025 жылдың 8 айында облыс көлемінде экологиялық талаптарды сақтамаған және қоғамдық тәртіпті бұзған 23 538 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 498 миллион теңгеге айыппұл салынған. Қазіргі таңда соның 269 миллион теңгесі өндіріліп отыр.

Тазалық пен тәртіпке қатысты жұмыстар тек ресми акциялармен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталған кешенді іс-шаралармен жалғасуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық аудан мен қала аумағында апта сайын мониторинг жүргізіледі. Әсіресе Түркістан қаласы бойынша арнайы рейдтер жүйелі түрде ұйымдастырылып, нақты нәтижелер көрсетуде. Жақында ғана «Яссы» секторының аумағында рұқсатсыз қоқыс орындары анықталып, олар толығымен жойылды.

Жергілікті билік орындары тазалық пен экологиялық қауіпсіздік мәселелерін тек коммуналдық қызметтермен ғана емес, қоғамның қатысуымен шешуге ниетті. Сондықтан бұл бастамаға ауыл әкімдіктері, ерікті жастар ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен қарапайым тұрғындар да кеңінен тартылып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында экологиялық мәдениет туралы айта келіп, халықты тәртіп пен жауапкершілікке үндеген болатын: «Қоғамда тәртіп пен реттілік үстемдік құруы қажет. Бұл – жай ғана қауіпсіздік шарасы емес, жалпыұлттық мәдениеттің көрсеткіші. Қоғамдық тәртіпке, тазалыққа, ортақ мүлікке құрметпен қарау – әр азаматтың парызы». Осы тұжырымдамалық бағыт аясында Түркістан өңірінде экология, тәртіп және қоғамдық мәдениет біртұтас саясат ретінде қолға алынған.

Табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарас – өркениетті елдің белгісі. Сондықтан Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы тек қоқыс жинау емес, бұл – ұлттың экологиялық болашағын қалыптастыруға бағытталған күрделі әрі маңызды үдеріс. Мемлекет басшысының тапсырмасы мен «нөлдік төзімділік» қағидаты өңірдегі әрбір басқару деңгейінің жұмыс тәсіліне айналып келеді. Санитарлық талапты бұзғандарға салынатын айыппұлдар, рейдтер, қоғамдық бақылау мен тұрғындарды жұмылдыру – мұның бәрі ортақ тәртіп пен әділетті қоғам құру жолындағы нақты қадамдар.


Түркістан: Мақтааралда жаңа индустриялық парктің негізі қаланды
Түркістан: «Қауіпсіз жол» шарасы өтіп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу