Қытай сапары жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Түркістан облысының Қытай Халық Республикасымен арадағы іскерлік байланыстыр тереңдеп келеді. Жуырда Түркістаннан арнайы делегация аспан асты еліне барып қайтты.
Қытай Халық Республикасына жасаған сапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бастаған делегация Вэньчжоу қаласының жетекші өнеркәсіп нысандарын аралап, жергілікті ірі компаниялардың өндірістік қызметімен танысты. Қытай экономикасының серпінді дамып келе жатқан маңызды индустриялық орталықтарының бірі саналатын Вэньчжоудың бизнес қауымдастығымен орнаған байланыс Түркістан өңірі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Сапар шеңберінде Түркістан облысы мен Вэньчжоу қаласы арасындағы инвестициялық серіктестікті дамыту мақсатында екіжақты келіссөздер өткізілді. Түркістан делегациясы Вэньчжоу қаласының мэрі Чжан Вэньцземен кездесіп, ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасты. Кездесу аясында инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыру, өнеркәсіптік серіктестік, логистикалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді пайдалану сынды негізгі мәселелер сөз болды.
Келіссөз кезінде Талғат Қозбеков Түркістан облысының Қытаймен орнатқан достық әрі серіктестік қатынастарына кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан өңірі бүгінде Қытайдың бірнеше провинциясымен – атап айтқанда, Шэньси, Хубэй және Хэйлунцзян аймақтарымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Бұл өңіраралық байланысты тереңдетіп, екіжақты жобаларды жүзеге асыруда нақты қадамдарға жол ашып отыр.
– Түркістан облысы Қытай Халық Республикасының Шэньси, Хубэй және Хэйлунцзян провинцияларымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП–5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Былтыр Қытай мен Түркістан облысы арасындағы өзара тауар айналымы 296 млн. АҚШ долларын құрады. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары жалпы аумағы 2397 гектар болатын 20 индустриялық аймақ және жалпы аумағы 4 мың гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағынан құрылған. Инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынған, – деді Талғат Қозбеков.
Осы сапар аясында Түркістан облысы мен Вэньчжоу арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі ретінде маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Вэньчжоу қаласының Сауда басқармасы арасында «Қазақстан–Қытай (Вэньчжоу) Индустриялық аймағы» жобасын қолдауға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандум рәсімделді. Бұл жоба екі ел арасындағы өндірістік интеграцияны күшейтіп, бірлескен кәсіпорындардың құрылуына мүмкіндік бермек.
Іссапар бағдарламасына сәйкес делегация Вэньчжоудың бірқатар жетекші кәсіпорындарын аралады. Олардың қатарында электр энергиясын тиімді басқару, экологиялық таза технологиялар, төмен көміртекті шешімдер бағытында жобалар жүзеге асырып отырған ірі зауыттар бар. Сондай-ақ, делегация электротехникалық жабдықтар өндірісімен, логистика мен өндірістік тізбектерді оңтайландыруға маманданған компаниялардың жұмыс үдерісімен танысты. Бұдан бөлек, аралас және мақта иірімжібін, серпімді маталар шығаратын жетекші фабрикалар да назардан тыс қалмады. Бұл кәсіпорындардың кейбірі Түркістан өңірінде өндіріс ашуға қызығушылық танытып отыр. Мәселен, джинсы маталарын өндіруге маманданған компаниялардың бірі «Turan» арнайы экономикалық аймағында зауыт салу жоспарын жария етті.
Айта кету керек, Вэньчжоу қаласы Қытайдың оңтүстік-шығысында орналасқан, тарихи тұрғыда теңіз Жібек жолының маңызды порты болған. Бүгінде бұл қала жеңіл өнеркәсіп саласында – әсіресе аяқ киім, тоқыма және электр құрылғылары өндірісінде – Қытай бойынша алдыңғы қатарлы орталық саналады. Оның халықаралық нарықтармен байланысы мен инновациялық өндіріс бағытындағы жетістіктері Түркістан облысы үшін үлгі боларлық тәжірибе ретінде қарастырылуда.
Қытай мен Түркістан арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жыл сайын артып келеді. ҚХР Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі ғана емес, сондай-ақ технологиялық және өнеркәсіптік серіктес ретінде де маңызға ие. Түркістан облысының инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен жеңілдетілген инвестициялық шарттары Қытай кәсіпкерлері үшін тартымды болып отыр. Соңғы жылдары өңірге шетелдік капитал тарту бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда, оның ішінде Қытаймен бірлескен жобалар да қарқынды дамып келеді.
Вэньчжоуда өткен кездесулер нәтижесінде екіжақты серіктестікті одан әрі тереңдету, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Түркістан облысы өкілдерінің айтуынша, бұл сапар өңірдің инвестициялық әлеуетін көрсету мен жаңа іскерлік байланыстар орнату үшін маңызды алаңға айналды.