Қырағылық – ең сенімді қорған

Oinet.kz 05-08-2025 38

5.jpg 

Цифрлық дәуірде технология дамыған сайын интернет алаяқтығы да күрделі сипат алып, қоғам үшін маңызды қауіпке айналып отыр. Қарапайым халықтан бастап кәсіпкерлерге дейін алдаудың түрлі тәсіліне тап болуда. Соңғы жылдары онлайн сауда, интернет-банкинг және әлеуметтік желілердің белсенділігі артқанымен, осы мүмкіндіктермен қатар, киберқылмыстың кең таралуы да қоғамның мазасын қашырып отыр.

Осыған орай Түркістан облысында интернет алаяқтығына қарсы алдын алу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Бұл бағыттағы маңызды шаралардың бірі – Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы М.Қабденовтың тапсырмасымен жүзеге асқан түсіндіру жұмыстары. Полиция қызметкерлері халықпен тікелей байланыс орнатып, интернет алаяқтығынан сақтану бойынша ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Аталған шара барысында 800-ден астам адам қамтылып, оларға интернет алаяқтықтың түрлері, таралу жолдары және қорғану амалдары туралы нақты ақпарат берілді. Полицейлер арнайы дайындалған жадынамалар таратып, тұрғындарды киберқылмыстың түрлерімен таныстырып, сақ болуға шақырды.

Бұл ретте тәртіп сақшылары тұрғындарға бірқатар маңызды кеңестер берді. Атап айтқанда:

Бейтаныс нөмірлерден келген сілтемелерге өтпеу;

Құпия деректерді (ЖСН, банк картасының CVV-коды, пароль) ешкімге жарияламау;

Онлайн сауда жасарда тек сенімді сайттарды қолдану;

Әлеуметтік желілерде өзіңіз туралы артық мәлімет жарияламау;

Өзіңізге «банк қызметкеріміз», «полицияданбыз» деп хабарласқандарға жеке деректерді бермеу.

Түсіндіру жұмыстары кезінде полицейлер:

«Біздің басты мақсатымыз – тек құқық бұзушылықтарды анықтау емес, олардың алдын алу. Қазіргі уақытта алаяқтар интернет кеңістігінде белсенді әрекет етуде. Сондықтан әрбір азамат қырағылық – ең сенімді қорған екенін ұмытпауы тиіс. Ал полиция әрқашан қасында болып, қажетті ақпаратты уақтылы ұсынуға дайын», – деп атап өтті.

Шын мәнінде, интернет алаяқтығы – бүгінгі қоғамның тыныштығына тікелей қауіп төндіріп тұрған қылмыстық әрекет. Алаяқтар адамның сеніміне кіріп, түрлі жолмен жеке мәліметтерді иемденіп, кейін соны пайдаланып ақшалай залал келтіреді. Түрлері де сан алуан: жалған интернет-дүкендер, инвестициялық алаяқтық, фишингтік сайттар, әлеуметтік желі арқылы алдау, банк қызметкері ретінде хабарласу, телефон нөмірін бұғаттау арқылы банк картасын өз аттарына рәсімдеу секілді жаңа тәсілдер күн сайын артып келеді.

Түркістан облысы аумағында да интернет алаяқтығы бойынша тіркелген фактілер саны артып отыр. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс көлемінде 900-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Оның ішінде банк картасын қолдану арқылы жасалған алаяқтықтар, онлайн саудаға байланысты алаяқтық әрекеттер және әлеуметтік желілер арқылы жасалған киберқылмыстар басым.

Осындай қауіптің алдын алу үшін полиция қызметкерлері мектептерде, жоғары оқу орындарында, кәсіптік-техникалық колледждерде және түрлі еңбек ұжымдарында түсіндіру кездесулерін жиі ұйымдастыруда. Атап айтқанда, Жетісай, Кентау, Сарыағаш, Түркістан қалаларында "Киберқорғау" атты профилактикалық акциялар өтіп, онда мыңдаған азаматтар қамтылды. Сонымен қатар аудандық әкімдіктермен бірлесіп, ауылдық округтерде де ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Жастар арасында киберсауаттылықты арттыру мақсатында арнайы бейнероликтер мен анимациялық түсіндірмелер әзірленіп, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылып келеді. Бұл жұмысқа ішкі істер органдарымен қатар, прокуратура, білім беру мекемелері және жергілікті БАҚ өкілдері де белсенді қатысуда.

Интернет алаяқтығына қарсы күресте басты мәселе – азаматтардың өз қауіпсіздігін өздері қамтамасыз ете алуы. Яғни, әрбір тұрғын онлайн кеңістіктегі қауіп-қатер туралы хабардар болып, саналы тұтынушы және қырағы азамат болуы керек.

Қазіргі кезде Түркістан облысы Полиция департаментінің жанынан арнайы киберқылмыспен күрес бөлімі құрылып, интернет алаяқтығына қарсы кәсіби тергеу жұмыстары күшейтілген. Сонымен қатар ІІМ мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлескен жедел іс-шаралар арқылы халықаралық және ұйымдасқан киберқылмыстық топтардың жолы кесілуде.

Ең бастысы, интернет алаяқтығынан жапа шеккен адам уақыт оздырмай, құқық қорғау органдарына хабарласуы қажет. Көп жағдайда жәбірленушілер ұялып немесе болмашы сома деп мән бермей, қылмыскердің әрекетін жасырын қалдырады. Бұл – олардың келесі құрбанына жол ашатын қателік.

Мамандардың айтуынша, егер әрбір адам өз деректерінің қауіпсіздігіне мұқият қараса, күмәнді ұсыныстарға сенбесе және онлайн операцияларда сақтық танытса, интернет алаяқтарының жолын кесуге болады. Бұл — қоғам болып бірігіп күресуді қажет ететін ортақ міндет.

Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Полиция тарапынан түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, ақпараттық материалдар халыққа қолжетімді форматта ұсыныла береді.

Алаяқтықпен күрес тек заңмен емес, біліммен де жүзеге асады. Сондықтан киберсауаттылықты арттыру – әр азаматтың заманауи міндеті.


Зорлық-зомбылық --қоғамның ортақ проблемасы
Бетті толық жабуға тыйым салу: Полицейлер заң талабына түсініктеме берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу