Түркістан: Мақта кластері қарқынды дамитын болады
Мақтаралдың мақтасын енді әлем таниды. Өйткені ауданда мақта шитін өндіруден бастап одан дайын өнім өндіру ісі мықтап қолға алынды.
«Оңтүстік» телеарнасының хабарлауынша, ақ алтын қытайдың технологиясымен тамшылатып суарылып жатыр. Бұл суды үнемдеп мол өнім алуға негіз болады. Ал, өзбекстандық "Global textile" тоқыма компаниясы мақта талшығын терең өңдейтін зауыт салады. Бір сөзбен айтқанда ғасырға жуық тарихы бар өңірде мақта кластері қарқынды дамиды.
«Хамро-Ата»шаруа қожалығының алқабындағы мақта аудан бойынша ең кеш егілген. Дегенмен өзгелерге қарағанда ерте гүлдеп, жайқалып өсіп тұр. Көсегі де көп. Себебі мақта жаңа технологиямен тамшылатып суарылады. Жалпы 312 гектар жерге шитінің жаңа сорты тамшылатып суару әдісімен егілген. Дән жерге тасталғаннан бастап егін алқабына бірде бір техника кірмейді. Арам шөптер шабылмайды. Өйткені барлығы жаңа жүйенің көмегімен атқарылады. Яғни шығын аз, пайда көп. Мақта піскен кезде оны да техниканың көмегімен жинап алады.
Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тартылған жобаның жалпы инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайды. Жобаның ерекшелігі–дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын су 50%-ға үнемделіп, өнімділік 60-70центнерге артады.
Жаңа технологиямен егілген алқапты келіп көріп кетіп жатқан шаруалар көп. Тіпті мақтаның ерекше өсіміне өзбекстаннан келіп жұмыс істеп жүрген диханның өзі таңданысын жасыр алмады.
Мақтаралдық дихандар жалпы ғасырға жуқы уақыттан бері ақ алтын егумен айналысады. Алайда күні бүгінге дейін ол шикізат күйінде сатылып келді. Енді мақта терең өңделеді. Жергілікті билік өзбекстандық "Global textile" компаниясымен келісімге келді. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы,мата боя фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.
Мақтаарал ауданында ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр.Оның ішінде,500 гектар мақта,346 гектар қырыққабат,793 гектар бақша және жаңбырлатып суару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі. Бүгінгі таңға орындалғаны 1281 гектарды құрап отыр. Қалай десек те ауданда мақта кластері дамыйтын болса тисінше ақ алтынның алқабы да артатыны анық.