Сайрам: Бюджет түсімін ұлғайту мәселесі талқыланды
Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтің төрағалығымен «Жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша» жұмысшы топтың кезекті отырысы өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, тиісті сала және дербес бөлім басшылары қатысты. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде 2024 жылдың 6 айында өндірілген қосымша кіріс көздері және 2024 жылдың соңына дейін жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің күтілімді орындалуы, ауылдық округтегі мүлік және көлік салықтарының берешектерін өндіру, қосымша кіріс көздерін анықтау, 2023-2024 жылдары іске қосылған инвестициялық жобалардан түскен салық түсімдері, аудандағы кәсіпкерлік нысандары орналасқан жерлерге түгендеу жүргізу, мемлекеттік сатып алу шеңберіндегі мердігерлерді заң шеңберінде ауданға тіркелуін қамтамасыз ету туралы мәселелер қаралды.
Басқосу барысында аталған тақырып төңірегінде жауапты басшылардың баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, туындаған сауалдарға тиісті тұлғалар тарапынан жауаптар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы ауданның жергілікті бюджетінің кірістер бөлігін арттыру мақсатында, аталған іс-шара жоспарларына сәйкес, тиісті жұмыстарды тиянақты атқаруды тапсырды. Сондай-ақ, жүргізілген жұмыс нәтижелері жайлы мәліметтерді жан-жақты жинақтап, тиісті бөлімдерге өз мерзімінде сапалы, толық көлемде ұсыну қажеттігін қатаң ескертті.