Кентау: Қарнақ ауыл шаруашылығына бейім ауыл
Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы – ауыл шаруашылығына бейім мекен. Онда шаруалар бос жатқан жерлерге егін егіп, отандық өнім өндіруге үлестерін қосуда. Сондай-ақ диқандар егіншіліктің бір емес, бірнеше түрімен айналысады. Сондай шаруалардың бірі - «Эрмет ата» шаруақожалығы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 2006 жылдан бері өз шаруасын қолға алған ауыл тұрғыны Әлішер Эрметұлы бүгінде жемістің түр-түрін егіп мол өнім жинап отыр. Ауыл шаруашылығын дамытып отырған шаруа қазіргі таңда 6 гектар жерге - бау-бақша, 4 гектар жерге - бидай, 5 гектар жерге - жоңышқа, 2 гектар жерге - жүзім, 5 гектар жерге - қарбыз еккен. Егілген өнімдердің барлығы соңғы үлгідегі тамшылатып суару жүйесімен өсірілуде. Шаруақожалық иесі егінге орақ түскен сәттен бастап өзінің ауылдастарын маусымдық жұмыспен қамтамасыз етеді.
«Жемістердің көшеттерін Өзбекстан елінен әкеліп, осында көбейтіп жатырмыз. Шаруашылықпен айналысу оңай емес. Себебі, бұлдардың да өз ауыратын сәттері болады. Қажет шараларды жасап, мол өнім алуға еңбектенудеміз»-дейді шаруашылық иесі.
Бау-бақша өнімдері Кентау қаласынан бөлек, облыстың әрбір өңіріне жөнелтіледі.