«Таза Қазақстан» жүйелі түрде жалғасуда
Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық тазалық шарасы Түркістан облысы Сайрам ауданында жүйелі жалғасын табуда. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған осындай сенбіліктердің бірі Құтарыс ауыл округі, Арыс өзенінің бойында өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникация қызметі хабарлады.
Тазалық шарасына Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам ауданының филиалының қызметкерлері қатысты. Айналаны таза ұстауға аудандық этномәдени бірлестіктерінің мүшелері және ауыл тұрғындары, жалпы 50-ге жуық адам атсалысты. Олар Ақсу және Арыс өзені бойларын қоқыстардан, өзен ағысына кедергі келтіретін заттардан тазартып, өз өлкелерін таза ұстауға үлестерін қосты. Жарты тоннаға жуық жиналған қоқыстарды арнайы аймаққа шығаруға техника жұмылдырылды.
«Таза Қазақстан» бастамасы Мақтаарал ауданында да өз жалғасын табуда. Өңірде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында көгалдандыру және тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Осы ретте ауданға қарасты 2 кент пен 9 ауылдық округте сенбілік жұмыстарын тұрақты өткізу бойынша арнайы жоспар бекітілген. Жоспар бойынша Бірлік ауылдық округі Алғабас елдімекенінде сенбілік жұмыстары өтті.
Округ әкімдігі, ауыл билері мен ардагерлері, әжелер алқасының бастамасымен өткен тазалық шарасына барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік нысандардың ұжымдары мен тұрғындар атсалысып, барлығы 400-ден аса адам қатысты.
Тазалық жұмыстары барысында 2,5 тонна күл-қоқыс шығарылып, арық-атыздардың бойы, ішкі көшелер, аяқжолдар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар күл-қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары өз үйінің аулаларын тазартып, ағаштарды әктеді. Сондай-ақ, аялдамаларға әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстарға белсенді жастар мен еріктілер де өз үлестерін қосты.
Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында да «Таза бейсенбі» науқаны аясында тазалық шарасы өтті. Сенбілікке «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мен мекемелердің қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, қала жастары жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстар аясында қорық аумағы қоқыс қалдықтарынан тазартылды.
Бүгінде «Таза бейсенбі» науқаны - әр аймақтың өзіндік келбетіне айналған айшықты жерлерін қоғамдық қамқорлыққа алуды мақсат етіп отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың экологиялық мәдениетін жетілдірумен қатар, туған жердің көрікті аймақтарын, өзен-көлдердің жағалауларын, тарихи орындарды, табиғи қорық аумақтарын көпшілікке таныстырып, олардың тазалығын сақтауға көпшіліктің назарын аударуда. Айта кетсек, Қаратау - елімізде сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі кездесетін аймақ.