Азаттық жолындағы маңызды күн

Oinet.kz 25-10-2023 408

1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы кеңес Қазақстанның  мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын қабылдады. Осы Декларацияның аясында Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері орнады. 

respublika-25-kuni.png

Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды. 

Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжат Кеңестік империяның ыдырау кезеңінің алдында жарияланды. Дегенмен оның оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды. Осы Декларация негізінде еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн болды. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ.

Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы Декларация арқылы еліміз саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу құқығына қол жеткізді.  Өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. 

Осы маңызды құжаттың негізінде Қазақстан жетпіс жыл бойы бодан болып келген Кеңес одағынан ірге ажыратты. Еліміз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартты. Өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Декларацияның негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.   

Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған болатын. Ал 2022 жылы маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы. Былтыр Мемлекет басшысы 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсанды мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні ретінде белгілеп, тиісті заңға өзгерістер енгізді. Бірақ бұл өзгерістерде Мемлекет басшысының өзі айтқандай,  Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. «Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Президент.

Тәуелсіздіктің бастауы болған Ұлттық мерекеміз құтты болсын! Қазақ Елінің тәуелсіздігі мәңгілік, болашағымыз жарқын болсын деп тілейміз!   

Қайрат САЛЫБЕК,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

Мақтааралға 5 жыл!
«Ұлттық қор – балаларға»: Жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу