Сайрам: Ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді
Сайрам ауданында аудан басшысы Арман Сәбиитовтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте 3 мәселе қаралды. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалдың жағдайы және заңсыз наразылықтардың алдын-алу, аудан аумағындағы санитарлық- тазалық мәселелері қаралды.
Бірінші кезекте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Реметов ауданның қоғамдық-саяси ахуалын баяндады. Ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында әлеуметтік желілер мен интернет ресурстары, баспа басылымдары мен телеарналарға жүргізілген мониторинг жұмыстарын таныстырды. Ағымдағы жылы орын алған құқық бұзушылықтар және халық арасында наразылық тудырып жатқан өзекті мәселелерге тоқталды. Құзырлы және құқық қорғау органдары бақылауларына алып, алгоритмге сәйкес, халықпен шұғыл кері байланыс орнатып, заң аясында түсіндіру және шара қабылдау секілді тиімді жұмыстарды атқарудың қажеттілігін ұсынды.
Келесі кезекте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаевтың ауылдық округтерінде апта көлемінде атқарылған тазалық жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Бөлімнің бақылауымен және ауылдық округтерінің әкімшіліктерінің ұйымдастыруымен аудан аумағын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Алайда, елді мекендерде ретті және ретсіз күл-қоқыстар орын алуда. Нақты айтқанда, “Қазақстан Ғарыш сапары” арқылы 5 ауылдық округінде 12 нүкте қоқыс орындары және бөлім қызметкерлерімен 8 ауылдық округінде бей-берекетсіз қоқыстанып жатқан 46 орын анықталған. Осы кемшіліктердің бүгінгі таңда бірқатары орындалғанын, ал қалғандары назардан тыс қалғанын сынға алды.
Жиын соңында, аудан әкімі тарапынан күн тәртібіндегі мәселелер бойынша берілген тапсырмаларды уақтылы орындап, кемшіліктерді жойып, олардың алдағы уақытта қайталанбауына жол бермеулерін салаға жауапты басшылар мен ауылдық округтерінің әкімдеріне қатаң ескертілді. Оның ішінде қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту бағытында жұмыстарды жандандыру, санитарлық тазалықтың сақталуын тұрақты қамтамасыз ету, тазалыққа қатысты айтылған сын-ескертпелерді 2 күн мерзім ішінде толық орындамаған жағдайда тиісті ауылдық округтерінің әкімдеріне шара көру туралы тапсырмалар жүктелді.