Шардарада жүгері зауыты іске қосылады
Түркістан облысы Шардара ауданында жылына 100 мың тонна дәндік жүгері қабылдайтын зауыттың құрлысы жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында зауыттың 1-этапы іске қосылып, шаруалардан жүгері өнімін қабылдай бастайды.
Осыған байланысты 14 шілде күні ҚР Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиев пен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келіп, дәндік жүгері еккен шаруалармен жиын өткізді.
Аталған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен мамандары, зауыт басшылары және шаруалар қатысты.
Мақтаарал ауданы бойынша биыл жалпы көлемі 1950 гектар алқапқа дәндік жүгері егілген. Жиында зауыт басшылары алдағы уақытта егіс көлемін ұлғайтып, дәндік жүгеріні егуден бастап жинауға дейін техникамен және қосымша қаражатпен қамтамасыз ете алатындарын жеткізді. Ол үшін шаруалармен заңды түрде келісім-шартқа тұруға да әзір екендіктерін түсіндірді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Үсенбекұлы дәндік жүгерінің өнімін зауытқа өткізіп, құжат алған жағдайда дәндік жүгерінің 1 келісі үшін мемлекет тарапынан 10 теңге көлемінде субсидия төленетінін хабарлады. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров шаруаларға қолайлы бірқатар ұсыныстарын айтты.
Жиынды қорытындылаған ҚР Парламент Сенатының депутаты З.Кузиев аудан шаруаларына өз ризашылығын білдіріп, қолайлы мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.