Түркістан әуежайы 7-ші орында
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту, жұмысын жандандыру мәселесі талқыланды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы замануаи әуежайдың мүмкіндігі мен әлеуеті толық қолданылмай отырғанына тоқталып, жауапты басқарма басшысына тапсырма беріп, әуежай басшылығына ескертпе мен ұсыныстарын жеткізді.
– Халықаралық және ішкі бағыттарды көбейту керек. Шетелдің ірі әуе компанияларымен байланыс нашар. Әуежай жұмысын туризм саласымен байланыстыра дамытуды ұсынамын. Жауапты басқармамен бірлесе жұмыс атқарып, туристер санын арттырған жөн. Малайзия, Түркия, Ресей, Қытайға әуе рейстерін көбейтіп, саяхатшыларды тарту қажет. Әсіресе, Түркістанға зияратшылар шоғырын арттыруға мүмкіндік мол. Шетелдіктерге Түркістан тарихы, Қожа Ахмет Ясауи туралы насихаттау жұмыстары қолға алынсын. Екіншіден, Түркістан халықаралық әуежайының логистикалық әлеуетін де арттырып, жүк тасымалын ұлғайту маңызды. Жұмысты жандандыру керек, былай құр отыруға болмайды. Осы бағыттар бойынша нақты жоспар, ұсыныстар әзірленсін. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуы тиіс. Әуежайдың даму жоспары, стратегиясы болуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан халықаралық әуежайы өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов әуежайдың қазіргі жай-күйі, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Ыстамбұл және Эль-Кувейт қалаларына халықаралық бағыт жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларына да тұрақты рейстер бар. «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «FlyArystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» әуе компаниялары қызмет көрсетуде.
Алдағы уақытта Түркістан қаласынан халықаралық әуе рейстерін ашу, Өскемен, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Үшарал қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ұйымдастыру жоспарланған. Астана және Астана қалаларына қолданыстағы рейстер саны ұлғайтылды. Биыл қазан айында «Түркістан-Абу-Даби» бағытын ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Түркістан әуежайының жолаушылар ағыны 2022 жылы 373,8 мың жолаушыны құрады. Оның ішінде 81,3 мың адам халықаралық рейспен ұшса, ел ішінде 292,5 мың жолаушы тасымалданған. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Жолаушылар тасымалы бойынша Түркістан әуежайы республикада 7-орында тұр.