Төлеби ауданы: 6 айда байланыс орталығына 2574 өтінім түскен
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында 3 мәселе талқыланып, ол бойынша тиісті бөлім басшылары баяндама жасады. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес, аудан аумағындағы аса қауіпті жұқпалы Қырым қанды қызбасы бойынша эпидемиялық жағдай туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Ақерке Еркінбекова баяндады. Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, ауданда аса қауіпті жұқпалы Конго-Қырым қанды қызбасы ауруы бойынша эпидемиялық жағдай қолайсыздық тудыруда. Аудан бойынша биылғы жылдың 6 айында 52 адамды кене шағып медициналық көмекке жүгінген.
Аталған тақырып бойынша қосымша хабарлама жасаған «Төлеби аудандық ветеринарлық қызметі» МКК басшысы К.Онланбаев энзоотиялық іс-шаралардың атқарылуы барысымен таныстырды. Биылғы жылдың көктем мезгілінде 97 838 бас ірі малдар бүркуден өтіп, 210 196 бас ұсақ малдар тоғытылған. 2 984 556 шаршы метр қоражай мен жапсарлас аумақтар мен 1 144 044 мал иірімдері мен суаттарды залалсыздандырылған. Бұл жұмысқа 88 адам, арнайы техника мен ранцтік аппараттар жұмылдырылған.
Екінші мәселе: «109-Бірыңғай байланыс орталығы» және Төлеби ауданында атқарылған жұмыстары туралы аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Арман Айнабаев баяндама жасады. Арман Әбдібекұлы 109-бірыңғай байланыс орталығының жұмыс істеу принциптерімен таныстырып, 2023 жылдың 6 айында байланыс орталығына ауданға қатысты жалпы 2574 өтінім түсіп, 2534 өтінімге мерзімінде жауап берілгенін айтты. 31 өтінім мерзімінен кешіктіріліп жабылған, 9 өтінім жұмыс барысында екенін ескертіп, сала мамандарынан жұмысты ширатуды сұранды. Тұрғындардан түскен өтініштерді әрбір орган тарапынан толыққанды және уақытылы жауап жолдаулары қажеттігін айтты. Байланыс орталығына жиі түсетін сұрақтарға мониторинг жасалып, жұмысты жандандыруға қатысты ұсыныстар айтылды.
«Жарық жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылы 6 айда атқарған жұмыстары туралы мекеме басшысы Асқар Тұртаев хабарлады. Мекемеде жалпы 55 қызметкер еңбек етсе, негізінен мекемеге қарасты жалпы ұзындығы 778,99 шақырым жолды күтіп – ұстау, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, мекемеге қарасты 5387 түнгі жарық бағаналарының шамдарын ауыстыру, қосу істерін қоса атқарады. Аудан аумағына жол белгілерін сызып, кедергілер орнатып, 13 бағдаршамды күтімге алған. Ленгір қаласы бойынша жалпы ұзындығы 11,25 шақырым жол сызығын сызу жұмыстарын жүргізген. Жол және көшелерді ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 1,9 шақырым көшеге асфальт төселген.
Мәжілісте қаралған мәселелер бойынша аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы кенеге қарсы қарсы ауыл шаруашылығы малдарын бүрку, тоғыту және қора жайларды залалсыздандыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Тұрғындардың қора жайларын механикалық тазартуын, залалсыздандыру жұмыстарының барлық нысандарда бір мезетте жүргізілуі қамтамасыз етуді, аудандық деңгейде тиісті мекемелердің қатысуымен құрылған арнайы комиссия құрамдары жұмысының қатаң бақылауға алынуы қажеттігін жеткізді.
Облыс және аудан әкімдігі тарапынан берілген тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінде орындау қажеттігін ескертіп, көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.