Өзбекстанмен байланыстыратын күре жол жөнделіп жатыр
Түркістан облысында республикалық маңызы бар А-15 «Жызақ - Гагарин - Жетісай - Қызыләскер - Сарыағаш - Жібек жолы» күре жолы жөнделіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, трассаның жалпы ұзындығы 146 шақырымды құрайды. Күре жол бойында 30-ға жуық елдімекен орналасқан. Облыс бойынша көлік қарқыны жоғары жолдардың қатарына жатады. Тәулігіне 15 мыңға жуық көлік жүреді.
«Биылғы жол құрылысы маусымы аясында жолшылар ұзындығы шамамен 50 шақырымды құрайтын нашар күйдегі үш учаскені жөндеп жатыр. Жөндеу жұмыстары Өзбекстан шекарасынан Жетісай қаласына дейінгі, Енкес елдімекенінен Жібек жолы елдімекеніне дейінгі және Қызыләскер ауылынан Жүзімдік ауылына дейінгі жол аралықтарында жүргізіліп жатыр», - деп жазды ведомстводан.
Жөндеу жұмысы тәулік бойы екі ауысымда жалғасып жатыр. 70 маман мен 45 арнайы техника жұмылдырылды.