Жетісайда мобильді байланыс мәселесі талқыланды

Oinet.kz 11-07-2023 407

41.jpg

Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан аумағындағы елді мекендердің мобильді интернетпен қамтылу жағдайы мен орын алып отырған кемшіліктерді талдау, жүйелі жоспарлар түзіп, нақты жұмыстар атқаруға бағытталған жиын болып өтті.

Жетісай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабаралуынша,

аталмыш жиынға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының басшысы Тоқтағұлов Ержан Дәулетұлы, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Басқосуда аудан әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Ғалымжан Жорабеков баяндама жасап, бірқатар мәселелерге тоқталды.

Бөлім басшысының мәліметінше 112 елді мекені бар аудандағы 101 елді мекен мобильді интернетпен қамтылған. Олардың 34-інде 3G, 67-інде 4G мобильді интернеті, ал, 11 елді мекенде 2G стандартты ұялы байланыс қолжетімді.

Әйтсе де, аудан басшысы аудандағы байланыс операторларының жұмыстарының сапасы сын көтермейтінін айтады. Елді мекендерде байланыс нашар, тіпті, кейбір жерлерде мүлдем жоқ. Нақтырақ айтар болсақ, 11 ауылдық округтегі 30 елді мекенде activ-kcell, 10 ауылдық округтегі 18 елді мекенде altel-tele2, 9ауылдық округтегі 16 елді мекенде beeline байланыс операторлары дұрыс жұмыс істемейді.

Сондай-ақ, басқосуда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2022 жылы мобильді байланыс операторларымен 10 елді мекенде жаңа базалық станциялар орнатылып, 6 елді мекенде базалық станциялар жаңғыртудан өткізілгенін, алайда, Түркістан облысының цифрландыру басқармасының мәліметіне сәйкес 9 елді мекенде kcell мен beeline операторларымен лицензиялық міндеттемелерінің орындалмағанын айтқан жергілікті мәслихат депутаттары Өзбекстан Республикасымен шекаралас елді мекендерде интернет мәселесінің мүлдем нашар екенін жеткізді.

«Байланыс ақысын уақытылы төлесе де тұтынушылар сапалы қызмет пайдалана алмай отырған соң шырылдайды. Арызданады. Сіздердің міндеттеріңіз – халыққа заманға сай қызмет көрсету.

Ал, жұмыстарыңызды жақсартып, абоненттердің қажетін өтей алмасаңыздар жұмысты қойыңыздар. Қолынан іс келетіндер табылады. Қажет болса әрбір кемшіліктеріңіз үшін айыппұл салып отыруға, мемлекеттен жасалатын жеңілдіктерді алып тастауға құзіретіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді» деген Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов байланыс сапасын жақсартуды қатаң бақылауда ұстайтынын айтты.


Сайрамда тері өңдейтін зауыт салынбақ
Өзбекстанмен байланыстыратын күре жол жөнделіп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу