«Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты жүзеге асуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру шеңберінде Түркістан облысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шілде айынан бастап елімізде коммуналдық қызметтердің бағасы өзгеріп, 2029 жылға дейін инженерлік желілердің тозу деңгейін 15 пайызға дейін азайту жоспарланған. Ал жаңа тариф саясатына көшу-коммуналдық желілердің тозуын азайтып, жұмысшылар жалақысының өсуіне мүмкіндік береді деп көзделіп отыр. Бұл туралы брифингте ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ақтілеу Бекмұратов мәлім етті.
«Тұрғындардың тұрмысына да, көңіл күйіне де әсер ететін жайттың бірі осы – тариф. Сол себептен «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы айтарлықтай маңызға ие. Биылғы мамыр айында департаментке «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа тарифтік саясаты шеңберінде қызыл аймақта тұрған «Кентау Сервис» МКК мен «Түркістан-Су» МКК табиғи монополия субъектісі өтінімдерімен жүгінген. Инвестициялық бағдарлама жобасында «Кентау Сервис» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуын 35-40%- ға төмендетуді жоспарлап отыр. Ұсынылған инвестициялық бағдарламада ұзындығы 6,6 км магистральдық жылу желілерін және ұзындығы 87 км ішкі орам желілерді реконструкциялау жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Сондай-ақ, Кентау қаласының тұрғындары үшін тарифке үлкен жүктемені болдырмау мақсатында жергілікті бюджет есебінен инженерлік желілер мен жабдықтарды жаңғыртуға, реконструкциялауға және жаңартуға бағытталған жекелеген іс-шараларды жүргізуге қаражат бөлінеді», - деді Ақтілеу Балғабекұлы.
Сонымен қатар, инвестициялық бағдарлама жобасында «Түркістан-Су» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуын 15-20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Ұсынылған инвестициялық бағдарламада ұзындығы 12,2 км су құбыры желілері мен ұзындығы 13,95 км кәріз желілері қайта жаңартылады. Сондай-ақ, 17 кәріз-сорғы станциялары мен тазарту құрылыстары қайта жаңартылмақ. Сондай-ақ, алдыңғы инвестициялық бағдарламаларда негізгі қорларды жұмыс жағдайында ұстау үшін «Түркістан-Су» МКК 19 928 мың теңге және «Кентау Сервис» МКК 67 630 мың теңге тартылды.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлеповтың айтуынша, «Кентау сервис» МКК-ның басты мәселесі - станцияның негізгі құрылғыларының тозу деңгейі 85%-дан асып, республика бойынша қауіпті қызыл аймаққа енуі.
«Бүгінгі таңда Кентау қаласындағы магистральдық жылу желісінің тозуы 58 пайызды құрап отыр. Магистральдық жылу желілерінің тозығы жеткен 6,6 шақырымы және 4 ОНС қайта жаңғырту 2023-2024 жылғы жылу маусымында ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 2024 жылы тозығы жеткен ішкі орам құбырларының 81 шақырымын ауыстыру жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру қала халқын тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз етуге, қаланың абаттандыру дәрежесін арттыруға және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға септігін тигізетіні анық. Нәтижеге сәйкес, жылу шығынын 7,5 мың Гкал/жылға азайту, 347 тұрғын үйді, 2295 жеке тұрғын үй жылумен жабдықтау сапасын жақсарту көзделіп отыр. Облыстық және республикалық маңызы бар 106 нысан 15 мыңға жуық тұтынушыны үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Ғалымжан Әнуарұлы.
Айта кетсек, «Кентау сервис» МКК-ның ұсынған тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламаның өтінімі қаралып, бекітілген жағдайда «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын іске асыруға зор үлес қоспақ. Бұл мақсатта жылу энергиясынан түскен қаражаттар жылу желілерінің және қазандық қондырғыларын жөндеу жұмыстарына және апатты жағдайларды болдырмауға, жылудың сапасын жоғарылатуға бағытталады.