Жетісай: Бақша өнімдері 525 мың тоннаға жетеді

Oinet.kz 16-06-2023 213

45.jpg

Түркістан облысы Жетісай ауданында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылған 79,3 мың гектар алқаптың 45,5 мың гектарына мақта, 19,6 мың гектарына бақша, 2,9 мың гектар жерге көкініс, 5 мың гектарға дәндік жүгері және 5,3 мың гектар жерге мал азықтық дақылдары егілген.

Жетісай ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде қарқынды түрде жүргізіліп жатқан бақша дақылдарынан өнім жинау науқаны басталғалы бері жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасын қарбыз, 12,5 мың тоннасын қауын құрап отыр. Бақша дақылдарының өнімдері ауданның ішкі рыноктармен қатар шет елдерге де экспортталып жатыр.

Қызылқұм ауылдық округінің тұрғыны Шәкен Ілесұлы да соңғы 10 жылға жуық уақыттан бері жер еміп, диханшылықпен айналысып келеді. Биыл да жылдағы әдетпен ерте көктемде қауынның «Аэропорт» сортын егіп, өнімін жинауға кіріскен. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара қалаларына, Белорусь еліне экспорттап жатыр.

«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Қазір сұраныс та жаман емес. Ойдағыдай өнім алуда ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Енді маңдай терімізбен өндірген өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ол жерде баға жақсы екен. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп беріп жатырмыз» дейді дихан.

Өткен жылы 15,2 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егіліп, 417,8 мың тонна өнім алынған Жетісай ауданында биыл 19,6 мың гектарға егілген бақша дақылдарынан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Қазірде қауыннан гектарынан орта есеппен 281 центнерден, ал, қарбыздан гектарына орта есеппен 260 центнерден өнім алынуда.


Жетісайда 29 инвестициялық жоба іске асады
Мақтаарал: Ағын су мәселесі пысықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу