Түркістан: 8162 мүгедек арнаулы қызметтермен қамтылды
«Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспары» 7 негізгі бағытқа сәйкес жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Атап айтқанда, мүгедектіктің профилактикасы және алдын алу, әлеуметтік оңалту және абилитация, кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта, білім берудің қолжетімділігі, экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер мен қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталады.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде жыл басынан бері мүгедектігі бар 8162 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылды. Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша 31 мыңнан астам оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, жоспардың 73,3 пайызы орындалып отыр. Сондай-ақ оларға аудан, қалаларда 43 инватакси қызметі мен 50 әлеуметтік такси қызмет көрсетуде. Бұл шараларға биыл бюджеттің барлық көздерінен тиісті қаржы бөлінген.
«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының 84-85 тармақтарын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында 2021-2023 жылдар аралығында 581 нысан бейімдеуден өтті. Ал 2021-2025 жылдары 1294 ғимаратты бейімдеу шараларымен қамту жоспарланған. Аталған тармақтарды орындау бойынша әрбір аудан, қалада қимылы шектеулі топтардағы мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және транспорттық нысандарға қолжетімділігіне мониторинг жүргізу үшін жауапты сала мамандары мен қоғамдық бірлестіктердің енген арнайы топтары құрылған.
2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға өздерінің абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес оңалту құралдармен қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алуға мүмкіндіктер берілген.
Айта кетейік, Түркістан облысында мүгедектігі бар 95229 адам бар. Оның 83 173 ересектер болса, 12 056 бала тіркелген.