Ел тірегі- Әділетті Қазақстан және Адал азамат
Президент қоғамдағы жауапкершілік, әділеттілік принциптері туралы жиі айтады. Расында салғырттық жайлаған елде өсу-даму болмайды. Адамның бойындағы әдет-дағдылар бала кезден қалыптасатындықтан, жауапкершілікті сезінуді балаға ерте жастан үйреткеніміз абзал.
Түркістанда өткен құрылтайда Президент жас ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән берді. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы дұрыс мәселе көтерді.
Президент атап өткендей, ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптаспақ.
«Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», - деп мәселе көтерді Президент.
Мемлекет басшысы әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайтынын да атап өтті.
«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент адал ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
«Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Адалдық — ардың ісі. Кейбір ата-аналар балаларына «айналаңды ластама, қоқыс тастама» деген сияқты қарапайым ғана әдепті үйретпейтін сияқты. Біреуден әділетті, адалдықты талап ету үшін ең алдымен өзің сол талапқа сай болуың керек деп санаймын.
Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы