Президент құрылтайда «Балалар кітапханасы» бағдарламасын қолға алуды тапсырды

Oinet.kz 18-06-2023 205

17.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар кітапханасы» атты жобаны қолға алуды тапсырды.

Президент елімізге шетелдік кітаптар көптеп келетінін айтып, отандық кітап үлесін арттыру мәселесіне тоқталды. 

«Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтіп, арнайы тапсырма берді.

«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ.

Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деді Президент.

Жанат Шардарбекова,

Түркістан облыстық «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры


Диалогсыз реформа жүргізу мүмкін емес
Ел тірегі- Әділетті Қазақстан және Адал азамат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу