Арыс: Атамекенде жол жөндеу жұмыстары басталды
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Монтайтас ауыл округіне қарасты Атамекен елді мекенінде тұрғындарымен кездесті. Кездесуде қала көлемінде жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды ауыл жұртымен бірге пысықтады. Бұл туралы Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Ақтас елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Шағыр, Ақтас, Бақырша елді мекендерінде электр жүйелерінің құрылысы жүргізіледі.
Кездесуде қала әкімі жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастауға шақырды.
«Биылғы жылдан бастап, елімізде 35 жасқа дейінгі азаматтарға жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Шағын несиелерді кез келген мақсат үшін 5 жылға, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Мен Монтайтас жастарын берілген мүмкіндікті пайдаланып, кәсіпкерлікті дамытуға шақырамын. Біздің мамандар әрқашанда кеңес беріп, сүйемелдеуге дайын,» - деді шаһар басшысы.
Жақын күндері Атамекен елді мекенінде «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталады. Монтайтас ауылында орналасқан Б.Онтаев жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, мұнда заманға сай спорт зал салу мен ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Бұдан бөлек, мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«Тиісті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды ауыл әкімі мен жауапты сала басшылығына тапсырамын. Барлық жұмыстар өз бақылауымда болады,»- деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда: ақылы қоғамдық жұмысқа 14 адам; Жастар практикасымен 5 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы 1 азамат 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алса, тағы 1 азамат 2,5% жеңілдетілген несие (5,0 млн теңгеге дейін) алып кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Жиында ашық пікір алмасу форматында өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды. Жиын соңында ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өтіп, тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалды.
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Дермене ауылдық округі тұрғындарымен кездесуде демеушілік танытып жүрген мектеп түлектеріне айрықша алғысын білдірді.
«Қазіргі таңда Арыс өңірінде түлектер ауылға тарту жасауды дәстүрге айналдырып келеді. Әсіресе, абаттандыру, түрлі салалардың дамуын қарқындату бойынша ілкімді іс көп. Арыста әр жылдары мектеп бітірген түлектер өздерінің мерейлі жылдарында ауылға тарту жасауды үрдіске айналдыруда. Мұның бәрі ауыл халқының бірлігінің арқасында»- деді Гүлжан Мамытқызы.
«Атап айтқанда, өткен жылы Ж.Тәшенов мектебінің 1985 жылғы туған 20 жылдық түлектері 80 адамға арналған құрастырмалы шатырды туған ауылдарына сыйға тартты. Сондай-ақ, Дермене мен Теміржолшыны жалғайтын аспалы көпірге жарықшамдар орнатқан. Ал, Саналы елді мекеніндегі Қаражантақ мектебінің 1985 жылы туған 20 жылдық түлектері, ұзындығы 1500 метр құрайтын Нұрлы көшесіне жарық бағаналарын орнатып берген. Биыл, Ж.Тәшенов мектебінің 1986 жылы туған 20 жылдық түлектері Дерменеде «Әкімқары» мешітіне электр тоғымен жылитын жылу батареяларын орнатты. Онымен шектелмей, Теміржолшы елді мекеніне халықтың ортақ пайдалануына 100 адамға тамақтануға арналған үстел-орындықтарымен тарту жасады. Атымтай жомарт азаматтардың жәрдемімен ауыл келбетіне көрік қосатын нысандардың артуы да ауыз толтырып айтарлықтай, өзгелер үлгі аларлықтай дүние. Сондықтан барша қайырымдылыққа жаны жақын азаматтарға тағы да алғысымды айтамын. Дермене халқының бірлігі жараса берсін!»,- деп түйді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Ауыл тұрғындары да осындай қайырымды іске ұйытқы болған азаматтарға айрықша алғыстарын білдіретіндерін жеткізді.