«Ауыл аманатына» Қожатоғай да қосылды
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Әр тоқсан сайын ауылдастармен тұрақты түрде кездесу өткізуге уағдаласқан шаһар басшысы таң азанымен Монтайтас ауыл тұрғындарымен кездесуден кейін, Қожатоғай ауылына барды.
Арыс қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде қаланың әлеуметтік - экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, Қожатоғай ауылында биылғы жылы атқарылатын жұмыстар туралы қысқаша айтып өтті.
«Жылдың басында кәсіп бастау үшін жеңілдетілген процентпен берілетін «Ауыл – аманаты» бағдарламасы пилоттық жоба негізінде екі ауылға ғана берілетін болған еді. Қала әкімдігінің ұсынысымен аталған бағдарламаға қаламызға қарасты тағы 3 ауылды қостық. Мен қожатоғайлық ағайыннан осы мүмкіндікті пайдаланып, ауылды өркендетуге шақырамын,» - деді Гүлжан Мамытқызы.
Қазіргі таңда аталған бағдарламаға Қожатоғай ауылдық округі бойынша 15 өтінім ұсынылған.
Шаһар басшысының айтуынша, биыл, ауыл тұрғындарының ұсынысына сәйкес Қожатоғай елді мекеніне «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 12 мың шаршы метр құрайтын заманауи спорт комплекс құрылысы басталады. Одан бөлек, Байтоғайдағы негізгі көшелердің біріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізу де қолға алынуда. Ал, округ орталығы саналатын Қожатоғай елді мекенінде футбол алаңшасы жөндеуден өткізіледі.
«Сондай-ақ, Қожатоғай елді мекеніндегі ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық – басты байлық екені белгілі. Осы мақсатта округ орталығына дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде,»- деді Гүлжан Мамытқызы.
Биыл, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға қосу мақсатында округ бойынша 604,0 гектар жер қайта айналымға қосылды.
Жиын аясында тұрғындар тарапынан көше жарықшамдарын орнату, ауыз су мәселесі, жайылым жер сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі барлық көтерілген сұрақтар зерделеніп, заң аясында шешілетіндігін айтты. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына әр мәселені ауыл ақсақалдарымен ақылдасқан түрде шешімін табу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Жиыннан соң тұрғындар жеке мәселелері бойынша әкім қабылдауында болып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқатылды.