Ардагерлер ауылдағы өзекті мәселелерді талқылады
Түркістан облысы Түлкібас ауданы аудан әкімдігінің үлкен залында ардагерлермен арнайы кездесу өтті. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуді аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов жүргізді. Ардагерлермен болған басқосуға Астана қаласынан «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы Озғанбаев арнайы келді. Жиынға аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, аудан әкімінің орынбасарлары, округ,кент әкімдері мен ардагерлер алқасының төрағалары, мүшелері, ел ағалары және қызметкерлер қатысты. Жиынның алғы сөзі «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлына берілді.
-Түлкібастық ағайындармен кездесудің сәті түсіп, сіздермен қауысып тұрғаныма қуаныштымын. Біз қайсар, батыр, ержүрек, намысты халықтың ұрпағымыз. Бізді осындай өжеттілік рухта тәрбиелеп ержеткізсе, бізде келешек ұрпақты сол жолда бой түзетіп, бағыт-бағдар көрсетуге міндеттіміз. Елдің болашағын жасаушы, құраушы һәм оларды тәрбиелеуші- қазыналы қарттар екеніне ешкімнің таласы жоғына сенімдімін. Қазақ елі жасы жеткен біздей қарттарды 4 топқа бөліп, жіктейді екен. Олар: шал, қария, ардагер, абыз. Міне, осында жиналғанның барлығы еліне сіңімді еңбек етіп, ел қамын ойлап, намысын қорғай білген ардагерлер деп білемін. Сіздер бар жастық шақтағы күш пен жігерлеріңізді еңбекке сарп етіп, бейнеттеріңіздің зейнетін көрер шақта да еңбектен алшақтамай, қоғам өміріне етене араласып жүргендеріңіз үшін шынайы алғыс білдіремін. «Қазыналы қарты бар ел бақытты» деген сөз бар қазақта. Балаларымыздың бақыты үшін білгенімізді үйретіп, түйгендерімізді күнделікті айта жүруіміз қажет. Қоғамда тірі жетімдер мен тастанды қарттар көбейді. Бұл үлкен қасірет. Ата-анасын тастап зәулім үй мен қымбат көлік мініп, ақшаға құныққан жастар қатары күн санап артуда. Міне, сондай жатқа тән жауыздықты жойып, оларды жөнге салып, ұл мен қызды бесіктен темірдей тәртіпке үйрететін мына сіздер. Қоғамды түзетіп, баланы тәрбиелейтін қасиеті мол, қадірі терең қарттарымыз көбейсін,- деп ауданымызға арнайы келген Өмірзақ Озғанбайұлы өз тілегін жеткізді.
Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек жалғастырды. Ол аудандағы ардагерлер кеңесінің жұмысын таныстырып, атқарып жатқан істеріне тоқталды. Сонымен қатар, өзекті деп табылған мәселелерді де айтып, аудан әкімдігіне тиісті өтініштерін де жолдады. Жиын барысында округ, кенттен келген ұйым төрағалары сөз алып, ауылдағы негізгі мәселелерді талқылады. Өтініш, тілектерін де жеткізіп, қордаланған мәселелерге шешім шығаруды сұрады.
Жалпы, ауданымызда 11320 зейнеткер болса, оның 8000-ы ардагерлер қатарында екен. Оның 326 тыл ардагерлерін құрайды. Жылына ардагерлердің тынығуы үшін түрлі демалыс орындары мен шипажайларға арнайы жолдама берілетіні белгілі. Былтыр 525 ардагер демалып келсе, биыл 448 жолдама ұсынылды. Арнайы шипажайларға реніш-өкпенің болмауы үшін аудан ардагерлері кезекпен баруды құп көрген. Бірақ аз бөлінетін жолдамаға кезекті күтсек әр қария 20 жыл ішінде бір рет қана демалуға жолдама алады екен. Дәл осы тақырып аясында сөз қозғаған ардагерлер мәселенің көтеріліп, шешімі табылатынына сенім артты. Басқосу барысында ауыл аймақ арасындағы тазалық жұмыстары да қозғалды. Бұл тақырыпқа баса назар аударған аудан әкімі Н.Ізтілеуов округ, кент әкімдеріне ардагерлермен бірлесіп тазалық жұмыстарын бүгіннен бастап қолға алуды нықтап тапсырды. Жиында Ө.Маткеримов, Қ.Анашев сынды ел ағалары сөз алып, өзіндік пікірімен бөлісіп, ізгі тілек-лебіздерін жеткізді.
Жиын соңын аудан басшысы Н.Ізтілеуов қорытындылап, көтерілген мәселелерге тиянақты түрде тоқталып, нақты нәтижелер көрсету үшін жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді. Киелі де қасиетті Түлкібас төріне келген ғалым Ө.Озғанбайұлына өзіндік алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.