Мақсат-тұрғындарға жайлы өмір сыйлау
Елімізде 2021 жылы «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері Ұлттық жобасы қабылданған. Ұлттық жобаны іске асырудың мақсаты базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады.
Төлеби ауданы тұрғындарына жайлы өмір сыйлау үшін бастысы – инженерлік коммуникация жүйелерін жетілдіру қажет. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көлемі ауқымды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы VIII шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде «Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет» деп көрсеткен болатын.
Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін ауданға табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су жеткізу негізінде жобалар дайындалып, қаржыландыруға ұсынылып, қолдау тапты. Инфрақұрылымның қуатын арттыру бағытында табиғи газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде аудандағы 55 елді мекеннің 51 елді мекен (92,7 %) табиғи газ құбырымен қамтылған болса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Жоба аясында 5 088 тұрғын газбен қамтылады деп күтілуде
Бүгінгі күні, белгіленген себептерге байланысты табиғи газ құбыры тартылмаған жекелеген көшелерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып, құжаттарды реттеу ісі жүргізілуде. Ленгер қаласы Күмістөбе, Кенші көшесі, Достық елді мекені Астана көшесі, Киелітас елді мекені Қарауылтөбе, Қорған көшелеріне, Көксәйек елді мекені Төлеби, Жастар көшесі, Алғабас елді мекені Социал газ құбырлары тартылып, оны аяқтауға 21 млн теңге қаржы қарастырылды. Сондай-ақ, Қасқасу ауылдық округіне қарасты 4 елді мекенде табиғи газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Елді мекендердегі тозығы жеткен электр жүйелерін ауыстыру, модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы 29 елді мекеннің 73 көшесіне электр желілері жүргізіп, трансформатор орнату ісіне 989 млн теңге қаржы қарастырылды. Бұған қоса, жоба құны 2 млрд 169 млн теңгені құрайтын Ленгір қаласы «Алатау» мөлтек ауданындағы 2,0 га жер теліміне 110 кВ ӘЖ бар ҚС-110/10 кВ электр қосалқы станциясының құрылысы қаржыландыруға ұсынылып, қолдауға ие болды. Құрылыс жұмыстарына 2 млрд 026 млн теңге қарастырылды. Нәтижесінде: «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудан халқы, 63 көп қабатты тұрғын үй, 3100 жеке тұрғын үй, 16 әлеуметтік нысан мен 79 кәсіпкерлік нысан сапалы электр энергиясымен қамтылатын болады.