«Ауыл аманаты»: Түркістанға 11 миллиард теңге бөлінді
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында Ордабасы ауданындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы кооперативтердің өкілдерімен кездесті. Бұл туралы А.Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Республикада мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін 100 млрд теңге қарастырылған. Түркістан облысында 19,8 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Өңірге 11 млрд теңге бөлінді.
Бадам және Шұбар ауылдық округтерінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ауыл тұрғындарын біріктірген жеті кооператив жиналады. Олардың төртеуі (жалпы саны 165 қатысушы) – отбасылық сүт фермалары, бордақылау алаңы, құс фабрикасы және жылыжай шаруашылығы.
Облыс әкімдігі ӘКК-мен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдарға жеңілдікпен шағын несие беру жөнінде өтінімдер қабылдауды қысқа мерзімде бастауы және бұл туралы ақпаратты барлық ресурстарға орналастыруы қажет.
Екінші кездесу Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Шарапхана ауылында орналасқан орта мектепте өтті. Тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныстар түсіп, сұрақтарын да қойды. Шешілуі тиіс көптеген мәселелер бар. Ауыл тұрғындарын да, қала тұрғындарын да медицина мен білім сапасы, жұмысқа орналасу, өз ісін ашу, әлеуметтік қамсыздандыру секілді мәселелер алаңдатады.
Қазіргі уақытта республикада азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға арналған мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр, мектептер, денсаулық сақтау объектілері салынуда. Мұның бәрі бірқатар қиындықты шешеді. Олардың қатарында мектеп, кадр тапшылығы, жұмыспен қамту секілді мәселелер бар.
Сондай-ақ, Сарыағаш қаласының аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездестім. Басқосуда дәрігерлердің ерекше статусы, денсаулық сақтау мекемелерін заманауи жабдықтармен жабдықтау, біліктілікті арттыру және мамандандыру секілді тақырыптар талқыланды”,-деп жазды вице-премьер.