Түркістан облысында орман қоры ұлғаюда
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл Аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі елімізде жасыл аймақ құру жобасына белсене араласуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді. Президент сондай-ақ бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда.
Елімізде орман қоры небәрі төрт-ақ пайызды құраса, орман алқабы алты миллион гектардан аспайды. Ал оның дені Түркістан облысында орналасқан. Соңғы кездері тал егу дәстүрі еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынып, тиянақты мән берілуде. Мұның өзі қоғамға пайдасы зор игі бастама.
Осы қағиданы ұстанған облыс жұртшылығы осы игі бастаманы жалғастырып, өз үлесін қосып келеді. Дана халқымыздың «Бір тал кессең – он тал ек», «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген қағидалары тал егудің адамзат тіршілігі үшін аса бір маңызды, қажетті іс екендігінің дәлелі.
Президент тапсырмасына сәйкес, облысымызда үш мың гектар алқапқа он миллионнан астамағаш отырғызу жоспарланған. Осы тапсырма аясында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жасыл Аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты жер телімдерінде 2019-2020 жылдар аралығында 4700 гектар алқапқа 11 миллионнан астам жапырақты ағаш көшеттері отырғызылған еді. Былтыр жоспар бойынша көктемде Түркістан қаласы айналасына 3 мың гектар жер телімдеріне 7 миллион данадан астам әр түрлі жапырақты ағаш көшеттерінен мәдени екпе алқаптары отырғызылды. Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құруға облыстың уран өндіруші компаниялары да өз үлестерін қосып, атсалысуда.
Алдыңғы жылдың көктем және күз мезгілінде «Жасыл аймақ» мекемесіне қарасты 820 гектар жерге сексеуіл көшеті егіліп, 2500 гектарға сексеуіл тұқымы себілді. Биыл жоспар бойынша 1000 гектар аумаққа мәдени екпе отырғызу жоспарланып отыр. Көктем мезгілінде 300 гектарға 375 мың жапырақты ағаш және 100 гектарға 290 мыңнан аса сексеуіл көшеттері отырғызылды.
Биыл «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан 120 гектарға ағаш көшеті тұқымбақтардан үлестірілген. Жалпы биыл 30 гектар жерге 16 түрлі ағаш-бұта өсімдіктер көшеттері өсірілуде. Атап айтқанда, қылқан жапырақты ағаштардың үш түрінен 10 мыңға жуық көшет өсіріліп жатыр. Оның 1840320-сы жапырақты ағаштар, оның 10 түрі, атап айтсақ, қарағаш, шаған, тұт, үйеңкі, акация, сәнағаш, талшын, жапон сафорасы, жиде, сексеуіл құрайды. Оның ішінде сексеуілі 253055 дана. Бұта тектес көшеттердің 3 түрі (гибискус (қытай раушаны), форзиция, айва) – 2887. Жалпы 2 миллионнан астам ағаш егілген.
Күзгі орман қорын түгендеу жұмыстары барысында тұқымбақтарда өнімділік жоғары екені байқалды. Мәселен 16 гектар алқапқа себілген қарағаш тұқымының өнімділігі 1428480 дананы құраса, шаған ағашы тұқымының өнімділігі 0,3 гектарда 70000 данаға жетіп отыр. 1,9 гектар алқапқа себілген үйеңкі тұқымынан – 137500 дана, 0,1 гектар алқапқа себілген қараағаштан 4050 дана тал өсіп шыққан.
Орман қорын байыту тұқымбақтар арқылы арттырылуда.