Сарыағашта жанұялық сүт аулалары жұмыс істейді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін алға тартып, осы саладағы еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейтуді тапсырған боларын.
Сарыағаш ауданы экономикасының негізгі драйвері ауыл шаруашылығы болып табылады. Аталған салада 2020 жылы өндірілген өнім көлемі 86,4 млрд теңгеге жоспарланып, жыл қорытындысымен 92,2 млрд теңгеге жеткен.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабаралуынша, былтыр ауданда қарқынды жеміс бауы 100 гектарға, жүзім бауы 110 гектарға артқан. Сондай-ақ, 40 шағын мал бордақылау алаңы мен 9 жанұялық сүт аулалары құрылған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, егін шаруашылығына жылында бір алқаптан 2-3 өнім алу инновациялық жобасы бойынша жоспар 910 га болса, өткен жылғы нақты орындалғаны 921,8 гектар. Биыл ауданда егілетін егістік көлемін - 69,7 мың гектарға, жылыжай шаруашылығын - 30 гектарға және тамшылатып суару әдісін ендіру - 600 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Осы арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2021 жылы 105,6 млрд теңгеге жеткізу көзделген.
Ағын су жүйесін дамыту мақсатында 2021 жылы 61,9 шақырымды құрайтын 11 нысанды жөндеуден өткізіп, қайта айналымға қосылатын суармалы жер көлемін қосымша 230 гектарға жеткізу межеленіп отыр.
2020 жылы ауданға барлығы 21,9 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Оның ішінде бюджет есебінен 10,5 млрд теңге, жеке қаражат есебінен 8,7 млрд теңге, банк несиелерінен 1 млрд теңге және басқа да қаражат көздері есебінен 1,7 млрд теңге. Биыл ауданға 24,7 млрд теңгенің инвестициясын тарту жоспарлануда.