Түркістан күн санап көркейіп келеді
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке Түркістан қаласын безендіру, әсемдеу, көркейту жұмыстарының барысы баяндалды. Бұл туралы Түркіастан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шаһардағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс басшысы қала аумағындағы 32 секторда атқарылған жұмыстармен танысты. Тиісті тұлғаларға тапсырмалар беріп, кей жобаларға өзгертулер енгізді.
Облыс орталығындағы «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежай аумағын көріктендіру барысында 8 қатарлы шатыры бар автотұрақ ашылмақ. Әуежай аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойына жалаушылар, Led экрандар, билбордтар мен 300-ден астам жарық тораптары, 17 аялдама орнатылады.
Түркістан қаласының кіреберісінде ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген, биіктігі 10 метр архитектуралық мүсін орнатылмақ. Бұл аумақта бағыт-бағдар сілтемелер (навигация) жүйесін орнату көзделген. Дәл осындай 30-дан астам сілтеме қаланың ішкі жолдарына және қалаға кіреберіс жолдарға орнату жұмыстары ай соңына дейін аяқталады.
Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталықтағы нысандардың қасбеті жарықтандырылуда. Әзірге көпқабатты 24 үйдің қасбетіне бір үлгідегі жарық жүйелері қосылады. Сонымен қатар, «Түркістан арена» стадионы айналасы көгалдандырылып, ағаштар егілуде. Жалпы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары облыс орталығында үздіксіз жүргізілетін болады.