Түркістандағы құрылысқа қажетті бетондарды шағаратын зауыт табысы миллиардқа жетті
Түркістан облысында Кентау қаласына қарасты Оранғай ауылдық округінде өткен жылы іске қосылған бетон зауытының табыс көлемі миллиард теңгеге жетті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«ФахриСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастапқыда 150 текше метр бетон бұйымдарын шығаруға қауқарлы болған. Ал, қазіргі таңда бұл кәсіпорын тәулігіне 600-700 текше метрге дейін бетон өнімдерін өндіріп келеді. Мамандар шығарылған өнім көлемінің бірнеше есеге артып кетуін Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен байланыстырады. Яғни, аталған мекеме облыс орталығындағы құрылыс алаңдарына дайын өнім жеткізіп, сұраныстың 60 пайызын қамтып отыр.
Серіктестікте 75 азамат жұмыс істеп келеді. Жұмысшылардың басым көпшілігі Түркістан, Кентау қалаларының тұрғындары.
Одан бөлек, аталған мекеме газоблок шығаруды да қолға алуда. Бұл зауыттың құрылысы қазан айында толығымен аяқталып іске қосылатын болады. Сондай-ақ, серіктестік басшылығы келесі жылы асфальт зауытын салуды да жоспарлап қойған.