Сарыағаш тұрғындары мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көруде
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының халқы «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көріп келеді. Атап айтқанда, бағадарлама аясында бірқатар елдімекендер абаттандырылып, жолдары жөнделіп жатса, бір жағынан ауыл азаматтары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды.
Биыл ауданда аталған бағдарламаның шеңберінде 6 жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Жылға ауылдық округі Жылға елдімекенінің көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда жарықтандыру бағаналар мен арық-атыздар қойылып, аяқ жолдар төселуде. Сондай-ақ, Сарыағаш қаласы мен Қабланбек, Жібек жолы, Құркелес және Қызылжар ауылдық округтеріндегі жалпы 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстарды атқару мақсатында 186 жаңа жұмыс орны ашылса, қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығы арқылы 93 азамат жұмысты болды.
Айта кетейік, ауданда арнайы құрылған мобильдік топ елдімекендерді аралап, жұмыссыз және өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтарға елімізде іске асырылып жатқан жұмыспен қамту жол картасы жобасының бағыттары мен жұмыспен қамтылу мүмкіндіктері бойынша насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.