Жастарға қызмет көрсететін мобильді топтар жұмысын бастады
Түркістан облысында облыс жастарының жарты жылдықта атқарған жұмыстары бойынша келелі кеңес өтті. Үйлестіру кеңесінің отырысына Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев төрағалық етіп, аудан-қаладағы жастар орталықтарының атқарылған жұмыстары мен жоспарларымен танысты.
«Елімізде орын алған пандемия және Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай кезінде жастар мен волонтерлер белсене жұмыс істеді. Сіздерге қиын-қыстау кезеңде ел ішінен табылып, сеніп тапсырылған жұмысты абыроймен атқарғандарыңызға алғыс білдіремін», деген Дәурен Нұрланұлы, алдағы атқарылар жұмыстардың бағыттарын атап өтті.
Жиын барысында облыстағы жастар ісіндегі жетістіктермен қатар, жұмыс деңгейі төмен аудандардың да бар екені де айтылды.
Соның ішінде жастар арасында өзекті мәселелердің көрсеткішін төмендету мақсатында ыстық нүктелер бойынша талдау жүргізіліп, прокуратура, ішкі істер органдардың өкілдері мен депутаттардың, тақырыптық спикерлердің қатысуымен білім беру мекемелерінің, ауыл жастарымен түсіндірме жұмыстарын өткізудің қажеттілігі де сөз болды.
Сонымен қатар, облыс көлемінде жастарға қызмет көрсетуге бағытталған 32 мобильді топтар жұмысын бастады. Мақсаты - жұмыссыз, ұйымдастырылмаған және NEET санатындағы жастармен мемлекет тарапынан жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау. Мобильді топ құрамына топ жетекшісі, заңгер, психолог, талантты жастарды қолдау, жұмыспен қамту, талдау мониторинг бөлімдерінің өкілдері және баспасөз хатшысы кіреді.
COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында, қазіргі таңға дейін 257 тақырыптық шара акция ұйымдастырылып, жалпы 6 мыңнан астам волонтер көмек көрсетті. Халық көп шоғырланатын орындарда, балалар үйлерінде, блок бекеттерде, мектеп- интернаттарда, сондай-ақ, жекелеген қарттар мен әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасыларға т.б. қауіпті індеттің таралу жолы, оның алғашқы белгілері мен одан сақтану шаралары түсіндіріліп, 120 мыңнан астам дана арнайы медициналық қорғаныс бетперделері үлестірілді. Жағдайы төмен және көп балалы 1700 отбасыға азық-түлік себеті таратылды. Халық көп шоғырланатын орындарда 30 мыңнан астам дана ақпараттандыру парақшалары таратылып, түсіндірме жұмыстары, психологиялық көмек көрсетілді.