Түркістанда біртұтас туристік тәжірибе қалыптастырылады
Күн санап көркейіп келе жатқан Түркістан қаласы заман талабына сай туристік әлеуетін де әртараптандырып келеді. Енді алыс-жақыннан ат арытып келетін туристер алдын-ала онлайн таңдау жасай алады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қаланы дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстары мен жоспарлары туралы баяндады.
Жаңадан дайындалған туристік себетке электрокармен аралап, гид пен аудиогид көмегіне жүгіну, энто және брендтелген кәдесыйлар дүкендеріне саяхат жасау кіреді. Көлікпен Сауран қаласына сафари, бүркіттер шоуы, күн батқанда далаға түйелер керуенін шығару және қобыз үнінің сүйемелдеуімен түрлі мазмұндық кештер өткізіп, көшпенділер шоуы, ыстық тандыр нан мен саумал ішіп, салт аттылардың алаулармен жарықтандырылған көріністері өтеді.
Түркістан қаласында бірқатар құрылыс жұмыстары шілде айында толық аяқталмақ. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру жұмысы үш кезеңге лайықталған. Бүгінде кәріз жүйесін жүргізу үшін жер қазылып, субұрқақ алаңына бетон құю жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде Тұңғыш Президент саябағында кәріз және электр жүйелерін жүргізу жұмыстары толық аяқталды. Жарық жүргізіліп, сыртқы су жүйесі іске қосылды. Саябақта екі мыңдай ағаш түрі отырғызылған.
Рухани-мәдени орталықтың алаң ішіндегі инженерлік-инфрақұрылым құрылысы мен драматеатр аумағын абаттандыру жұмыстары да ойдағыдай жүруде. «Керуен сарай» кешенінің құрылысы күзде аяқталады. Ашық аспан астында қалқыған теңдесі жоқ театр, жергілікті қолөнер шеберлерінің ашық базары, ерекше субұрқақтар мен демалыс орындары халық көңілінен шығады деген сенім бар.