Түркістанда әлемдік жарыстар өтетін болады

Oinet.kz 15-06-2020 719

image.png

Түркістанда «Asia Sport Construction» құрылыс компаниясы стадионның құрылысын жүргізуде. 7 мың адамға лайықталып салынып жатқан спорт кешенінде жанкүйерлер ауа-райының қолайсыз кезінде де стадионда емін-еркін отыра алады. Мұнда ұйымдастырылатын республикалық және әлемдік спорттық жарыстарға көптеген қонақтар келіп, ішкі және сыртқы туризмнің дамуын үлес қоспақ.

Фанаттарға арналған секторлар толық жабылған. Стадионның жалпы көлемі 36 500 шаршы метрді құрайды. Оның 15 000 шаршы метр аумағында футбол алаңы, жаттығу орны, жүгіру жолақтары орналасқан. Стадионның басты секторында киім ауыстыру бөлмесінен бөлек жаттығу залы, конференция орталығы, БАҚ өкілдеріне арналған бөлме мен құрметті қонақтарға арналған жай орналасқан.

Стадион УЕФА бекіткен талаптарға сай жасақталмақ. Арена құрылысы аяқталған соң «УЕФА-3» сертификатына ие болады. Бұл – стадион халықаралық масштабтағы футбол ойындарын қабылдай алады деген сөз. Оған УЕФА чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы сынды ірі жарыстар мен ұлттық құрамалардың ойындары да кіреді. Демек, түркістандық футболсүйер қауым енді халықаралық деңгейдегі ойындарды өз қаласынан көруге мүмкіндік алмақ.

Болашақта жергілікті 100 адамды жұмыспен қамтуды көздеген ғимараттың ел игілігіне берілу мерзімі 2020 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Қазіргі кезде құрылыс қарқын алған нысанның келбеті қалыптасып келеді.

Түркістан түрленіп келеді
Келесте 2 кәсіпорын іске қосылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу