Түркістан түрленіп келеді
Түркі елдерінің түпкі төрі саналатын Түркістан қаласы күннен күнге көрейіп келеді. Алдағы уақытта Түркістан қаласында саялы бақтардың саны артады. Тек орталық көшелер ғана емес, қала шетіндегі шағынаудандарда да ойын алаңшалары, аллеялар мен скверлер салынуда.
Түркістан қаласындағы Б. Саттарханов даңғылындағы 10 шақырымды құрайтын веложолды әрлеу, бояу жұмыстары жүргізілуде. Болашақта Тәуке хан даңғылы, С.Қожанов, Әмір Темір мен Байбұрт көшелеріндегі 10 шақырым аумақта да осындай істер атқарылады.
Сонымен қатар, даңғылдағы жаяу жүргіншілер жолағы да әлемнің дамыған қалаларындағы жүйе бойынша қызыл және ақ түспен сызылуда. Мұндай түстер жол қозғалысы апатының алдын алып, көлік иесінің белгіні анық көруіне сеп болады деп күтілуде.
Бұл күндері Түркістан қаласының Әмір Темір көшесі бойындағы аллеяны абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қайта жаңартылып жатқан аумақ 15 маусымға дейін аяқталады деп жоспарланған. Көпшілік демалатын жерге орындықтар қойылып, айналасы жасыл желекке оранады.
Нәтижесінде, серуенге шыққан қонақтар мен тұрғындарға арнайы жолдар, салқын ауа сыйлайтын арықшалар, жасыл желектер, шағын көпірлер мен лэд экрандар орнатылды. Жерлестеріміз соңғы ақпараттарды экрандардан көріп, рухани шаһардың ең басты символы – Қ.А.Ясауи кесенесіне көз жүгірте алады.
Рухани-мәдени аумақтағы өзгерістер тарихи нысандардың келбетін сақтай отырып, заманауи өзгерістерді қолдануды мақсат тұтқан. Жан-жағындағы нысандар да қазақы нақышқа келтіріліп, Шығыс стиліне енген.