Сайлаубек Жақсыбеков: Қазақтың домбырасы жетімнің күйін кешіп тұр
Алтынай Жорабаева. Әлден, Ерден, Қылышбек Жақсыбековтер. Біз атаған есімдердің көлеңкесінде бір ұстаздың зор еңбегі жатыр. Өнер – сахнамен өлшенбейді. Өмір сахнасында зейнет көрінгенмен, оның артында ерен бейнет бар. Сайлаубек Жақсыбеков – «лауреаттар шығаратын зауыт» ныспысын иеленген ұстаз. Зейнеткерлік жасына жетсе де, күрмеуі шешілуі тиіс мәселені назарында ұстайды. Сөмкесіне құжаттар, ұлттық аспаптадың үлгісі, музыкалық аспаптардың жасалу әдісіне қатысты кітаптар салып редакциямызға қонаққа келді. Профессор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Сайлаубек Жақсыбековтің сөмкесінің құпиясын білу мақсатында әңгімеге тарттық.
– Әңгімеміздің әлқиссасын қоржыныңыздың құпиясын білуден бастайықшы. Жаныңызға байыз таптырмаған не мәселе?
– Қымызды немістер, көкпарды қырғыздар патенттеп кетті деп даурыққанымыз, қоғамда резонанс туғаны кеше ғана секілді еді. Дегенмен кейбір ұлттық аспаптарға әлі күнге дейін авторлық құқық алынбаған. Қазақ халқының музыкалық аспаптарының Мемлекеттік стандарты болуы бағытында ғылыми және практикалық жұмыс істеудемін. Академик Ахмет Жұбанов қазақ 1936 жылы ұлттық оркестрін құру кезінде музыкалық аспаптарды оркестрге тональностті, яғни үндестілікті лайықтау үшін Ресейден аспап жасайтын Романенко сынды шеберлерді шақыртып жасатқан. Шетел шығармаларын ойнау үшін әл - Фараби жасаған 9 пернелік Қыпшақ домбыра аспабына орыстың балалайкасының пернесін лайықтап түсірген (аралығы 0,5 тоннан). Ішегін малдың ішегінен емес, балық ұстайтын 07 «лескасын» таққан. 1936 жылы Москвада Қазақ ССР-ның мәдени онкүндігі өткен кезде И.Сталиннің қатысуымен Үлкен театрда қазақ – ұлт аспаптар оркестрі, қазіргі Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестр, өнер көрсетті, дирижері – академик А.Қ.Жұбанов еді. Сол жылдан бері қазақтың аспабы орыстың сөзімен домра – ішегі балық ұстайтын «07 лескасы» болып қалып кетті. Қазіргі заманда шетелдерге концертпен фестивальдерге шыға аламыз. Конкурсқа шыққан кезде домбыра аспабы стандартқа сай емес, ұлттық ішегі тағылмаған дейді. Әртүрлі ағаштардан жасалған соң, домбыра да әртүрлі, дыбысы да әртүрлі. Үрмелі қазақ музыкалық аспаптардың тесіктері әр түрлі тональностте, ол тесік басқыштарды әр шебер өз еркімен тескеннен деп білемін. Төрт ішекті Прима қобыздың ішектері Скрипка аспабыныңкі. (Amati. Stradivari. Gvarderi) Демек, мемлекеттік стандарт керек. Тіпті тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ұлттық аспап жасайтын өндіріс орны жоқ. Мемлекеттің қадағалауы жоқ. Дүниежүзілік үрмелі аспап труба, саксафон, флейта аспаптары ағылшын неміс, француз жүйесі секілді саз сырнайдың да құрылымы бір тональді болу керек. Қазақ системасы деп аталуы тиіс.
Менің ұсынысым – Қазақстанда домбыраның мемлекеттік бір шеберханасы болу қажет. Аспапты бір жерден шығарып, ағашын 5 жыл, 10 жыл, 15 жыл, 50 жыл сақтап, аспапты жасау тиіс. Домбыра ағашы – қарағаш, жаңғақ, бук, өрік, тұт. Домбыраның ішегі қойдың немесе ешкінің аш ішегінен жасалуы тиіс.Үрмелі аспаптар сазсырнай, шаңқобыз, үскірік, шыңырау аспаптарын бір-бірімен үйлесу дыбыстарына лайық тесіктерін реттеу керек. Қазіргі кезеңде Мәдениет және спорт министріне көрсету үшін, аспаптар жасау қажет. Шеберхананы заңдастырғанға дейін қолдау көрсетілуі тиіс. Ол үшін станоктар, ағаш, қойдың ішегін дайындау аппараты, сазбалшық және аспапты жасайтын шеберлердің жұмыс ақысына қаражат керек. Шыны керек, қазақтың домбырасы жетімнің хәлін кешіп тұр. Сол мәселе кеңістігінде ойланып, біраз есікті қағып жүрген жайым бар.
– Қоржыныңыздағы құжаттардың жай-жапсарын түсіндік. Редакциямызға ала келген кітаптар мен аспаптарыңыздың не сыры бар?
– Аспаптар жасау туралы мына кітаптарда (өзі алып келген кітаптардың аспап жасау туралы беттерін парақтап көрсетті. Ә.Б) ғылыми баяндалған мәліметтер бар. Авторларын сөзге тартсам, бәрі де өмірінде аспап жасап көрмеген. Мысалға алып қарайықшы (кейіпкер өзі ала келген бірнеше үрмелі аспапта ойнап көрсетті Ә.Б) бұны мектептер мен балабақшалар шәкірттер үшін сатып алады. Мұндағы парадокс – бұл аспаптар коммерциялық мақсатта жасалғандықтан, түрі ғана аспап. Шыққан әуен әлемдік стандартқа сай нотаға кемейді. Ал мына аспаптар сәйкес келеді (халық әні «Япурайды» ойнады. Ә.Б).
– Өткен ғасырда музыка тарихында «битломания» феномені елеулі орын алды. Топ мүшелерінің өнер иесі ретіндегі бабы болмаса, тағдырында бақ та бәлкім сор да қалың болмас еді. Біздің қоғамда кем талант пен кең талант иелері өзінің лайықты бағасын алып жүр ме, қалай ойлайсыз?
– «Битлз» негізі жеңіл музыкаға жатады. Музыканың шыңы – опера. Джаз – еуропалық және африкалық музыканың тоғысуынан XIX-XX ғасырларда пайда болған. «Битлз» 1958-60 жылдары шыққан. Біздегі «Дос-Мұқасан» 1971 жылдары елге кеңінен табылды. Кеңес үкіметінің кезінде жеңіл музыка мен классикалық музыканың парқы да рухани нарқы да– жер мен көктей еді. Қазір жеңіл музыканың адамы да Халық әртісі, скрипка, домбыра ойнайтындар да сол ныспыны алады. «Сүйіп алам, бетіңнен» деген әнді де ел тыңдап жүр ғой. Негізі ол біздің ұлттық болмысымызға, табиғатымызға келмейтін сөздер. Қалай жігіт қызды жар етіп, бет ашпай, оның бетін сүйеді? Москвалық түсірілім тобы «беташар» салтын түсірген ғой баяғыда. Сонда келіннің бетін ашып қалса, екі қабат боп тұрады. Енді «беташар» жырының мағынасын еске түсірейікші. Екеуі мүлде қарама-қайшы емес пе? Бұл жағдаят бүгінде біздің қоғам үшін қалыпты құбылысқа айналып барады. Сөз бен істің арақашықтығы ұзап кеткендей. Кезінде Семенов-Тянь-Шанский қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім», деген екен. Осы тектес әнді орындаушылар да толып тұрған номинацияның бірін алып жатыр. Бұрын соны бөлетін, тани білетін халық едік.
Ілия Жақанов – негізі суретші, ән жазған, радиокоммитеттің төрағасы болған. 1980 жылы Ресей мен Қазақстанның достығына байланысты «Еділ мен Жайық» деген әнді Мәскеуге апарған. Тихон Хренников деген композитор ««Песня о Щорсе» әні қазақша шығыпты» ғой деп таңырқаған екен. Соны біздің көркемдік кеңес аңғармаған ғой. Көркемдік кеңесі жоқ қазіргі кезде кімнің өлеңін кім қалай айтып жүргені белгісіз. Менің жамандағаным емес. Кезінде бір шоуға Димаш қатысқанда сарапшылар қатқылдау сын айтып еді ғой. Мемлекеттің өзі дұрыс баға бере алмай, білім мен білімсіздікті ажырата алмай қалды. Ол – барлық салада бар олқылық.
Халықаралық байқауға шәкірттерімді жиі шығарамын ғой. Сонда бір шәкіртім Азиялық конкурстарда бойының қысқалығына қарамастан, жеңімпаз атанып жүрді. Америкалық байқауға апарсам, оны өткізген жоқ. Иә, шәкіртімнің дарыны қай деңгейде болсын жеңіске әбден лайық. Бірақ оның дене пішіні халықаралық стандарттарға сай келмеді. Дегенмен, елде оның қабілеті жақсы бағаланып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
– Бизнесте кім-кімді алдап кетсе, сол мықты ғой. Ондай иллюзия өнерде бар ма?
– Шоу-бизнесте бар. Ол– ақша, шоу-бизнесті өнермен бірге қарастырмаймын. Классикада, халық әнінде кіл жүйріктен дарынмен ғана ерекшеленіп, шын жүйрік болады. Шоу-бизнес аты атап тұрғандай шоу жасалады. Өлең айтып тұрып, сальто тастап, мостик жасап, шпагатқа отырып, алысқа бір түкіру де – шоу. Онда мәдениет пен түсінік басқа.
– Ахмет «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім» деген ғой. Өз салаңыздағы келелі мәселелердің айналасында жүресіз. Өзіңіз тындырғаныңызға риза болып, қай қадамыңызды ерекше атап өтер едіңіз?
– Көптеген халықаралық байқауларға бардым. Қазақтың үрмелі аспаптарын 1990 жылдары меңгердім. Өйткені мен меңгерген еуропалық аспапта жұмыс табу қиын еді. Бәрі қазақшыл болып кетті. Сол кезде қазақ-түрік университетінде екі елдің өкілетті кеңесінің төрағасы – Намык Кемал Зейбек деген кісі трубаның даусын естіп, «мынау аспап бізге болмайды» деді. Соны бастыққа айтқанымда, сазсырнайдың да үрмелі аспап екенін айтып, соны ойнай берсеңші дегендей қылды. Сазсырнайды меңгеріп жұмыста қалдым әрі айлығымды екі есе көбейтті. Арадан көп уақыт өтпей мені Алматы қаласына жарысқа жіберді. Байқауда қазылар қатарында Жәнібек Кәрменов, Нұрғиса Тілендиев секілді еңселі тұлғалар отырды. Мен үрмелі сазсырнай және сыбызғыда ойнадым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен «маманмын» деген қатысушылар болды. Солардың арасында топ жарып, бірінші орынды иелендім. Сол кезде «трубада Ахмет Жұбанов атындағы республикалық арнаулы музыка мектебін және Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны үрмелі аспап мамандығы бойынша бітірдім. Өмірімнің 17 жылын сол аспапқа арнадым. Киевке байқауға барып, 45 минут ойнап орын алмадым. Басқа аспапты меңгергеніме 2 апта енді болғанда, Қазақстан бойынша бірінші орын алдым. Бұл аспапқа ешкім көңіл бөлмепті ғой » деп ойладым. Кейін де ұлттық аспаптардан қол үзбедім. Шәкірттердің бабын келтіріп, жұлдызын жақтым.
Мен басқарған жылдары филармония қиын кездерді бастан кешірді. Басында тұрақты баспанасы болмай әр жерде көшіп жүрді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің концерттік бірлестігіне айналған кезде филармониядан Шәмші Қалдаяқовтың есімі түсіп қалған болатын. Директор болған кезімде «ән падишасының» есімін филармонияға сот арқылы қайта алып беруге ықпал еттім. Оркестрге бұрын-соңды болмаған аспаптарды (литавралар, контрабас, қобыз, ксилофон) алдырттым. Қысқасы қолымнан келгенше жұмыс істедім.
Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН