Әйгерім БЕГІМБЕТ, журналист, фотограф: «Әр адамның түсінігіндегі бақыт ұғымы әртүрлі»
Сәт. Санада сақталған сезімге толы естеліктер. Барлығын уақыт қойнауына тапсырмай, ұмыт қалдырмай жүруге фотосуреттің ықпалы зор. Тарихтың алғашқы беттерінде фото туындыларды шығаруға тек ерлер ғана икемді болып келген болса, бүгінде бұл салада жетістікке жеткен нәзік жандылар аз емес. 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өз талабы мен талпынысының нәтижесінде Орталық Азия елдері арасында журналистика бойынша екінші мәрте өткен MediaCAMP Award байқауының “Объектив” номинациясымен жеңімпаз атанған Әйгерім Бегімбетпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Қайырлы күн, Әйгерім! Өзіңізді білікті фотограф ретінде халықаралық байқаудан грант ұтып алып, фотокөрме ұйымдастырған соң тани түскеніміз рас. Жалпы сіздің туындыларыңызға деген көрерменнің қызығушылығы осы байқаудан кейін екі есе артқан болар?
– Орталық Азия елдері арасында екінші рет өтіп жатқан MediaCAMP Award байқауының “Объектив” номинациясы жариялағанда-ақ, Жәнібек деген досым «қатысып көр» деп айтқан. Мен «биыл лайықты фото түсірмедім» деп бас тартқам. Бірақ Жәнібек соңына дейін айтып қоймады. 2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 мамыры аралығында ел ішіндегі маңызды оқиғалардан түсірілген фото болу керек еді.
Сосын соңғы күні, соңғы минуттарда көп фотоның ішінен үш сурет іріктеп, жолдағам. Бірі осы жеңімпаз атанған «Байланыс аясынан тыс жерде» деген фото. Бұл фото былтыр күзде Түркістан облысы, Қызылшаруа ауылында түсірілген. Ауылда байланыс жоқ. Тек қыр басында байланыс ұстайды. Адамдар туыс-туғанымен тілдесу үшін сонда шығады. Ауылдағы жұмыссыздық пен байланыстың жоқтығын бейнелейтін фотоның жалпы сипаты осындай.
Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдерінің фотографтары қатысқан байқаудың финалында жеңімпаз фото дауыс арқылы анықталатын болды. Сурет лайықты болғанымен, дауыс жиналмаса бәрі бекер еді. Байқауға қатысқан өте жақсы фотолар болды. Сондықтан дауыс беріп, қолдаған барша көрерменге алғысымды білдіремін. Менің фотосуреттеріме қаншалықты қызығушылықтың артқанын білмеймін, бірақ осы байқаудан кейін бірігіп жоба істеуге ұсыныстар түсті.
– «Тіршілік» атты фотокөрмеңіздегі бірқатар суреттермен таныспын. Жалпы фотосуреттер оңтүстік өңіріндегі проблемалы жағдайларды баяндайды екен. Кейіпкерлеріңіз қарсылық танытпады ма? Түсіндіру жағы, жұмыс барысы қалай болды?
– Бұл фотокөрме Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің қолдауымен Интерньюс Қазақстан Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасының грант шеңбері аясында өткен еді. Командалық фотокөрме. Менен бөлек, командада өмірден ерте озған талантты фотограф Қанат Дархан және досым, талантты дизайнер-фотограф Шыңғыс Әбдіразақ болды. Алғашқы фотокөрмеміздің атауын ұзақ ойландық. Соңында журналистикадағы ұстазым Жәмила Мамырәлінің «Әр суретте тіршілік бар. Фотокөрменің атауы «Тіршілік» болсын» деген кеңесін құп алып, соған тоқтадық. Шымкент пен Алматы қаласында өткен фотокөрмеге ауыл өмірінен, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігінен сыр шертетін фотосуреттер қойылды. Ауылдағы жол, ауызсу, байланыс, тағы басқа проблемаларды, Арыс оқиғасын сурет арқылы жеткізуге тырыстық. Кейіпкерлер қарсы болмады. Керісінше, біздің жобамызға қолдау көрсетуге, басқа да проблемаларды айтуға, кейіпкер табуға көмектесуге тырысты.
– Кей адамдардың пікірінше, халықаралық медиажобалардың түпкілікті мақсаты – сол елдің мінін көрсету дейді. Жалпы сіздің жұмысыңызға сын айтқандар болды ма?
– Мен қатысқан контент жасауға берілетін продакшн-гранттардың түпкілікті мақсаты – елдің мінін көрсету емес, түрлі медианы дамытуға, идеяларды жүзеге асыруға қолдау көрсету. Бұл идеясы бар, бірақ жобасын іске асыруға қаржы таппай жүрген біз сияқты жастар үшін керемет мүмкіндік. Жобаны ары қарай дамыту үшін кеңес айтқан адамдар болды. Кей суреттің техникалық құрылымы жағынан пікірін білдірген фотографтар болды. Жанашырлықпен айтылған мұндай пікірлер бізді кәсіби өсіреді. Ал жалпы, фотокөрмеге көңілі толмағандар болмады. Керісінше ауылын сағынып жүргендер, сағынышын басып, балалық шақтарын еске алып, жылы лебіздері мен тілектерін білдіріп жатты.
– Фотожурналист үшін оның әр түсірген суреті баласындай қымбат. Шыны керек, тың серпіліс сыйлаған, ерекше туынды – «Тіршілік». Алдағы уақытта елді елең еткізер қандай жоспарыңыз бар?
– Әлеуметтік желіден «Боямасыз Қазақстан» деген парақша аштым. Онда елдің жағдайын, проблемаларын, адамдардың оқиғаларын баяндайтын шынайы фотолар түсіріп, жариялаймын деп ойлағанмын. Кішкене уақытым мен энергиям жетпей жүр.
– Қазіргі таңда «newborn» фотосессиясын жасау сәнге айналып келеді. Шетелдіктердің танымы бір басқа, қазақтың танымы бір басқа. «Жаңа туылған сәбиге көз тиеді, көрсетпеу керек» деген секілді ырымдар да бар. Сіздің пікіріңіз қандай? Негізі сәбилерге фотосессия жасаушылар көп пе?
– Былтыр қыста басқа салада жұмыс істеп көргім келді. Бірақ бәрібір жүрегің мен бүйрегің шығармашылыққа бұрып тұрған соң, қиын екен. Онда фотографиядағы бағытты өзгертіп көрейін деп ойладым. Ақпанда newborn бағыты бойынша белгілі фотограф Әсел Ботаханованың мастер-класына жазылдым. Сіңлім екеуміз наурызда Алматыға барып оқып келгенімізбен бір апта өтпей елде карантин басталды.
Newborn фотосессиясы сәби өмірге келгеннен кейін 7-14 күн ішінде түсіріледі. Олар бұл кезде күні бойы ұйықтайды және әртүрлі позада жатқызуға икемді болады.
Алматы мен Астанада бөпелерді түсіретін фотографтар өте көп. Шымкентте де бұл үрдіске айналады деп ойлаймын. Бізді Шымкенттен бөлек аудан-ауылдарға шақырып жататындар бар. Соған қарағанда қазір бұл фотосессияның маңызын түсінетіндер көбейіп келеді. «Шөбереммен бірге фотосуретке түсейін деп едім» деп арнайы дайындалып келетін ата-әжелер бар. Біз барлық заттар, асай-мүсейлерімізді үйге апарып түсіреміз. Жаңа туған бөпені ешқайда апарып жүрудің қажеті жоқ. Көп реквизитті Ресейден арнайы алдырттық. Киімдерді Санк-Петербургта тіктірдік. Барлығы табиғи, жұмсақ маталардан. Бөпеге аллергия тудырмайды.
– «Оңтүстік Рабат», «Шымкент келбеті» газеттерінде жұмыс істеп, өз еркіңізбен кеткен екенсіз. Жалпы журналистке тұрақтылық маңызды ма? Тәуелсіздік ше?
– 2012 жылы диплом алған соң облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Рабат» газетіне орналастым. Менің еркелігімді көтеріп, қателіктеріме көз жұма қараған, тәрбиелеген ұжым. Одан кейін қалалық «Шымкент келбеті» газетіне жұмысқа кірдім. Екі ұжым да мені кәсіби шыңдаған, өсірген үлкен мектеп болды. Орта қалыптастырды. Одан кейін el.kz, informburo.kz сайттарында фрилансер болдым. Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “фотожурналистика” үйірмесін жүргіздім. Менің мамам “Адам да ағаш секілді бір жерде өсіп-өніп, көгеруі керек. Әр жерге бір ауыспай, тұрақтап, бір жерде жұмыс істесеңші” дейтін. Ал менің ойым адам бір жерге байланбай, өзіне ұнаған жұмыс істеп, әртүрлі ортада сынап көру. Мен өзімнің бір жерде бес-он жыл тапжылмай жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Сол себепті бес жыл бұрын жақсы, жайлы жұмысты тастап, фрилансерлікке ауысқан едім. Бұл менің өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі. Еркін жұмысымды, бәрін тастап, кез келген уақытта басқа жаққа саяхаттап кететінімді қазір үйдегілер де жақсы түсінеді. Фрилансерліктің пайдасын карантин де жақсылап ұғындырды. Көп достарым, таныстарым жұмысынан шығып, фрилансерлікке ауысып жатыр. Тәуелсіз, еркін болғанға не жетсін?
– Әрі журналист, әрі фотограф, әрі жеке студияңыз да бар екен. Барлығына қалай үлгересіз? Сүйікті ісіңізден шаршайтын кездер бола ма?
– Қазір журналист ретінде фоторепортаждар мен мақалаларды тек қаламақыға жазамын. Түбегейлі фотографияға бет бұрып жатырмын. Журналистика мен фотография мен үшін егіз ұғым. Бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмаймын. Менде таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 18.00-ге дейін жұмыста отыру міндеті жоқ. Өз уақытымды өзім жоспарлаймын. Еркінмін. Шаршасам кез келген уақытта рюкзагымды жинап, тау-тас аралап, демалып келемін.
– Ерекше есте қалған фото кейіпкеріңіз жайлы айтып беріңізші.
– Үш жыл бұрын достарымызбен Моңғолияның қазақтар көп тұратын БаянӨлгей аймағына қыдырып барғанбыз. Сол жерде бір дүкеннен естеліккке кәдесый алып жаттық. Жақын туыстардың, достардың бәріне бір-бір зат алғымыз келеді. Бірақ ақшамыз жетіңкіремей дүкен иесіне “әпеке, (әпке дегенді олар солай айтады) бағасын түсірсеңізші деп тұрмыз. Ол кісі бізден қайдан келгенімізді сұрады. Шымкенттен деп шу еттік. Ол сонда өзінің жапон құрбысы жақында Қазақстанға оның ішінде Алматы, Астана, Шымкентке барып, салт-дәстүр, ұлттық қолөнерімен танысып, диисертациялық жұмыс жазбақ болып жүргенін айтты. Байланыс нөмірімді қалдырып кеттім. Бірнеше ай өткен соң, бір қыз хабарласты. Жапондық Чиеко Хирота екен. Шымкенттен күтіп алдым. Ол Токиодағы шет тілдер университетіне, моңғол тілі мамандығына оқуға түскен. Тілді жетік меңгеру мақсатында 2009 жылы Моңғолияның астанасы - Ұланбатырға барып, бір жыл оқу жалғастырған. Баян-Өлгейге қыдырып барып, ол жерде адамдардың қаза тілінде сөйлескеніне, ұлттық қолөнеріне қызығып, 2012 жылы өзі көшіп барып, екі жыл тұрады. Тіл үйренеді. Кесте тігуді, сырмақ, тұскиіз тоқуды үйренеді. Кейін докторантураға түсіп, докторлық диссертациясын осы тақырыпта бекітеді. Қазір Жапонияда қазақтың қолөнеріне қызыққандарға кесте тігуді, текемет тоқуды үйретеді. Көрме ұйымдастырады. Лекция оқиды. Шымкентке келгенінде үш күн өзіміздің қолөнер шеберлеріне қонаққа апарып, сұхбаттастым. Ол материал el.kz сайтына “Қазақшаға жетік, салт-дәстүріне ғашық жапон қызы” деген тақырыппен жарық көрді. Әлі күнге дейін тығыз байланыстамыз. Әлеуметтік желілерде “Түйіншек” деген әдемі атаумен парақша ашып қойған.
– Отбасы – жеке әңгіме. Алайда қолыңызды сұрап, көңіліңізді аулап жүргендер бар шығар. Отбасын құру жоспарыңызда бар ма? «Әйелдің бақыты – отбасы ма?» әлде бұл қалыптасып қалған жаттанды пікір ме? Бақытты басқа жерден табуға бола ма?
Әр адамның түсінігіндегі бақыт ұғымы әртүрлі ғой. Отбасын құру, құрмау - әр адамның жеке шешімі. Жалпыға бірдей бөлісудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ