Көпен Әмірбек: «Оспағың оспадарсыз болса ең әуелі күлкіге өзің ұшырайсың»

Oinet.kz 02-04-2020 2400

Screenshot_2.jpg

Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Парасат» орденінің иегері, өзі айтатындай туындыларын жаттап алып сосын жазған «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Мың бір мысал», «Па, шіркін, Пародия!», «Батпанқұйрық», «Сөйле десең, сөйлейін» атты 30-ға жуық сатиралық жинақтың авторы, өткен аптада ғана 70-ке жеткен белгілі сықақшы Көпен Әмірбек қазақ сатирасының өткені, бүгіні һәм ертеңі туралы ой толғайды.

Қамқорлық қара жаяу қалды

– Жапан даланы жаңғыртып жыр төккен ақын Тайыр Жароковтың жары Мүнира апайдың естелігіндегі тәлім алатындай тамаша оқиғаны еске түсірейін. Тайыр ағаның жалындап тұрған жас кезі. Буы кеппеген жаңа жырын редакцияға апарса, Ілияс Жансүгіров ағасы да өз өлеңдерін әкелген екен. Ағалы-інілі екеуі ойда-жоқта тоғысады. Ілекеңнің дүниесін редакция басшылары қуана қабылдайды. Сол арада Тайыр Жароков өлеңін дауыстап оқиды. Құлақ қойып мұқият тыңдаған Ілияс ағасы: «Қой, менің өлеңімді қайтып бер де, Тайырдың поэзиясын басыңдар. Менікінен гөрі Тайырдың өлеңі тәуір екен. Менің өлеңдерім тұра тұрсын, обал жасамайық» деп қояр да қоймай өзінікін қайтып алған. Қазір бізде қамқорлық жағы қара жаяу қалған-ау! Кемшілігіміз – осы. «Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсынға» көшіп, өз арбамызды өрге сүйреуге пейілміз.

Сын-сықақ қоғамды тазартады

– Сатираның дені сахнаға саяқ кетті. Үйірінен үркіп қашқан жылқыдай, жуық арада қайыру қиын. Қазақстанда қазір он сегіз әзіл-сықақ театры бар. Бәрі – жекеменшік. Қоғамдық кеселді қопарып сынауға қауқарсыз. Не болса соны күлкіге айналдыруға тырысып, тыраштанатынын қайтерсің. Көди-сөди, көр-жер, пытықы-шытықыны тілге тиек еткеннен күлкінің күні шыға қоя ма? Көңіл көтеретін көркем дүниені көже-қатыққа айналдырып алған сыңайлы. Әлемге әйгілі түрік әзілкеші Әзиз Несин Мәскеуге келгенде Юрий Никулиннің комедия кешін екі сағат көріп бір рет те езу тартпаса керек. Соның себебін сұрағанда, былай жауап қайырған: «Сіздердің қоғамдарыңыз – зиялы, тәрбиелі қоғам. Оның бойында біздің қоғамдағыдай мерез жоқ, сорақылық жоқ. Сіздер өз қоғамдарыңызға ризасыздар, оны құрметтейсіздер. Сіздер қасиетті қоғамдарыңызға лайық емес, жекелеген кісілердің теріс қылықтарын әшкерелеп күлесіздер. Ал біз өзіміздегі капиталистік қоғамның бізге, кейінгі ұрпағымызға жасап отырған зұлымдықтарын, кесапаттарын әшкерелеп күлеміз. Сіздер өз қоғамдарыңыз үшін өмір сүресіздер. Біз өз қоғамымызды жою үшін өмір сүреміз! Сіздер күлгенде – көздеріңізден жас ағады. Біз күлгенде – көзімізден қан ағады!». Анда-санда атойлап қоятын біздің әзіл-сықақ театрымыз көзімізден қан ағызатын күлкіге бара алмай жүр. Ұсақ-түйек күлкіге мәз болатын бақытты жұртқа айналу үшін әуелі қоғамдағы қоқысты сын-сықақпен сыпырып тазартқан жөн. 

Сырт көз – сыншы. Осып сөйлесең де, көсіп сөйлесең де, бөсіп сөйлесең де ел-жұрт елегінен өткізіп байқап отырады. Жүректегі әзіл жүзіңді нұрландырады немесе сұрландырады. Ең үлкен юмор – емеурін. Емеурін танытудың өзі шындық болса шымбайына батырып шымшып алғаннан жаман. Оспағың оспадарсыз болса, ең әуелі күлкіге өзің ұшырайсың. Сын-сықақ өзегіңді өртеп, жүрегіңді тілгілегеннен кейін ғана туындайтын жанр. Тілінің ұшымен сөйлейтіндер кім? Немкеттілер. Жаны ашымайтындар. Жауапсыздар.

Қазақ сатирасы демалып жатыр...

– Аты-жөнін атап, түрін түстеп, ауыр қылмысын айғақтап, жегенін желкесінен шығаратындай масқаралап жазатын фельетон жанрының жаназасын шығарып, жерлегелі қай заман. Сатиралық роман, повестеріңіз жан сақтау бөлімінде жатыр, жеке палатаға шығатын түрі жоқ. Пародия, эпиграммаларыңызға да «тұмау» тиген. Сырқат. Әлжуаз. Неге? Қалжыңбастар қатары сиреген, сатирада сап түзейтін сарбаз кем. Өзім көзін көріп, аралас-құралас болған сықақшылар кім еді? Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов, Жүсіп Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы, Сейіт Кенжеахметұлы, Есенжол Домбаев, Марат Нұрқалиев, Сақтапберген Әлжіков, Таңдай Кеней, Төленді Нұрмұхамедов, Жанғали Меймандосов, Жұматай Сабыржанұлы, Бектұрсын Мәдиев... Бүгінде бәрі бақилық. Тоқсанға таяған Мыңбай Рәш, Ғаббас Қабышұлы, Табыл Құлияс, алпыстың ар жақ, бер жағындағы Толымбек Әлімбекұлы, Берік Садыр, Ермахан Шайқы, Мұхтар Шерім және жетпістің желкесіне мінген Доқтырхан Тұрлыбек, Алпысбай Боранбай, Өріс Яшүкірқызы ғана қалды. Қазақ сатирасы жұттан кейін енді-енді есін жинап жатқан ел сияқты. Лев Толстой «Орыс әдебиеті менен кейін біраз жыл демалады» деген екен. Сол сияқты қазақ сатирасы да Оспанханнан кейін демалып жатыр-ау?..

Жаңылтпаш жарыс – Ана тілге құрмет!

– Бүгінгі балалардың тілі «р»-ға келгенмен әліппедегі қырық екі әріптің оншақтысын айта алмайды. Жаңылтпаштан жарыс ұйымдастыру керек. Бұл – Ана тіліне құрмет. Тіл сындыру оңай емес. Жас кезімізде жаттаған жаңылтпаштар есімізде.

«Тауға қайың бітеді тал аралас,

Жаңбыр жауып келеді қар аралас,

Бір топ кемпір келеді шал аралас,

Бір топ қыздар келеді бала аралас,

Бір топ сиыр келеді тана аралас,

Бір топ тұлпар келеді шаң аралас,

Бәрі аралас, Құдай-ау, бәрі аралас».

Жаңылтпаш жазуды Осағаң дамытты. «Асылғазы басын қосып еді, Асылғазының қасындағы Қасымғазы да асыға басын қасыды». Бұл – жағымпаз туралы жаңылтпаш. Кейінірек Бейсенбай ініміз дамытты. «Жағажайда Қамажай жатыр. Жағажайдағы Қамажайдың қасында қарағайдай кәрі ағай жатыр. Қарағайдай кәрі ағай Қамажайға бірдеңе деуге жарамай жатыр». Қанша әспеттесек те баяғы бабаларымыздың жаңылтпашына жетпейді. «Алпыс алты ала баспақ бақтым. Алпыс алты ала баспақтың ішінде бір тарғыл тарғақ бас ақ баспақ бар. Сол тарғыл тарғақ бас ақ баспақты мен тарғыл тарғақ бас ақ баспақ демегенде, кім тарғыл тарғақ бас ақ баспақ дейді?».

Жаңылтпашты ғана емес, баяғы замандағы бабаларымыздың отансүйгіштік рухта жазылған жауынгерлік жырларын жастардың бойына сіңіру үшін мектепте пән ретінде енгізу керек. «Оңғар оралар, Оңғар оралмаса Омар оралар, Омар оралмаса олар оралар» дегендей тіл сындыртып тірі дәстүріміздің ортаға оралуы – балалар үшін бақ-дәулеттің бірі.

Жаттап алып жазамын

– Әр қаламгердің жазу машығы әрқилы. Орыстың ұлы мысалшысы Крылов әзіл дүниелерін әжетханада отырып жазған екен. Пушкин ше? Кабинетінің төрт бұрышында төрт үстел тұрған. Бірақ байыз тауып оның біреуіне де отырмаған. Қырман басқан ат секілді шыркөбелек айналып жүріп өлеңінің бірінші жолын бірінші үстелге, екінші жолын екінші үстелге, үшінші жолын үшінші үстелге, төртінші жолын төртінші үстелге түсіре берген. Тікесінен тік тұрып шабытын шақырған. Әлем әдебиетінің классигі Лев Толстой терезесінің сыртында өсіп тұрған еменге қарап еміренген. Күндердің күнінде ұлы жазушы демалысқа кетеді де үйі мен ауласын тазалап қоюды жұмысшыларға тапсырады. Олар қайтеді? Терезеге жарық түсірмейді деген оймен ерте заманғы еменді тамырымен қопарып алып тастайды. Лев Николаевич қайтып келсе – емен жоқ. Орны тып-типыл. Қаламы жүрмейді. Қатты ашуланады. Еменді қайта әкеп орнына отырғызады. Содан кейін ғана Толстой құрыс-тырысынан құтылып, шабыты ояна бастапты.

«Бәйтерегім – байтақ елім» деген поэманың авторы, менің ақын құрдасым Несіпбек Айтұлы осыдан жиырма жылдай бұрын Бәйтерекке қарамаса өлең жаза алмайтын «ауруға» ұшырады. Ұлы адамдар ұқсас болады ғой. Мен ондай емеспін. Еменге де, ештеңеге де қарамаймын. Пушкин секілді төрт үстелім де жоқ. Түрт сайтаным түртіп, идея мен оспадарсыздың образы көз алдыма көрінгенде, желдеп кеткен ешкідей боламын. Ағаштың ішін аралап немесе өзен бойын өрлей жүріп сатиралық дүниемді санама түсіре беремін. Жадымда жатталып қалған жатыпатар сөздерімді үйге келгесін қас-қағым сәтте қағазға түсіре қоямын. Бітті. Көп дүниемді жатқа айтатыным да осыдан-ау? Жұрт әуелі жазады сосын жаттайды. Ал мен әуелі жадыма сақтап жаттаймын, сосын барып жазамын.

Б.Кәдірбек,

"Рейтинг" газеті

«Коронавирус Қазақстанға жетсе, біткен жеріміз осы болады» - Досым Сәтпаев
«Заманбек өзін-өзі қалай үш рет атса, ақсақ құлан да Жошыны солай теуіп өлтірді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу