«Мүшеқап сияқты лақтыра салдық»: Аслан Каженов
Белгілі журналист Аслан Каженов спортшы Еркебұлан Шыналиев туралы қатты айтты. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
“Еркебұлан Шыналиевтің сұхбатын көріп шықтым. Әңгіме соңында жалдамалы пәтерден табылған мүшеқаптар туралы айтады. Нұрсейіт те әккі журналист қой. Сол бөлігін әдейі нүктесі қылған сияқты. Себебі, кейіпкердің тағдыры да сондай болып тұр. Керек кезде қолдандық. Елдің абыройын асқақтатты. Әлем чемпионатының да, олимпиаданың да жүлдесін әкелді. Енді лақтыра салдық.
Еркебұлан сияқты ердің еңірегені жақсы емес. Отандық спорттың басшыларына, оның ішінде, өзі айтып тұрған жергілікті басқарма басшыларына үлкен сын. Медальдары мен атақтарын мұқтаж жандарға берді. Масқара ғой. Әшейінде кеудесін қағатын оңтүстіктің жігіттері қайда? Әлгі медальдарды 2-3 миллион теңгеге сатып алып, музейге тапсыратындар табылмай ма? Музей болмаса, өз үйіңе іл. Ең бастысы - қиналған отбасыға көмектесу керек. Басы қатты болды. Аяғы тәтті болса екен.
Ал, Еркебұланның өзі қайыр сұрап тұрған жоқ. Жұмыс сұрап тұр. Әрине, ә дегеннен спорттық мектепке басшы қыла салмасы анық. Өйткені, мемлекеттік қызметке қатысты өз талаптары бар. Бірақ, лайықты бір орын табылады деп ойлаймын. Оның жинаған тәжірибесін болашақ чемпиондар даярлығына қолданып қалу керек. Иә, тік мінезі бар. Иә, бетке айтары бар. Бірақ, енді ондайлардың кеудесінен итере берсек, отандық спорт қалай алға жылжиды? Қалай былығын білеміз? Қалай өзгеріс енгіземіз? Сұхбат барысында Еркебұлан Линдер мен Седовты қайта-қайта сөз қылды. Бекер емес. Ойланайық. Кеш болып кетпесін…", - деп жазды ол.