«Айтпаған, үркітпеген сөзі қалмады»: Ертай Нүсіпжанов Жүрсін Ерманға қатысты былықтарды ашты

Oinet.kz 03-07-2023 5522

Ертай Нүсіпжанов айтыс өнерінің Жүрсін Ерманның қалай жаптырғанын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ертай Нүсіпжановтың фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

Screenshot_15.jpg

Ертай Нүсіпжанов айтыс өнерінің қайта жанданып, қазақ сахнасында орын алу керегін айтты. Нүсіпжанов бұған дейін айтыстың қалай жабылғанын бүге-шүгесіне дейін жасырмады. 

«Неге бұрынғыдай айтыс ұйымдастырмайсыз?» дегендер үшін.

2006-2007 жылдары Қазақстан телеарнасында алғаш «Айтыс – Қазақстан чемпионаты», кейін «Аламан айтыс» болып 2 жыл қатарынан сенбі, жексенбі күндері тікелей эфирде ақындар айтысы болғанын көпшілік біледі. Сол уақытта халықтың ең сүйікті бағдарламасы болды. Ежелден келе жатқан сахналық айтыс телевизиялық, жаңаша сипат алды. Төл өнердің тынысы ашылды. Бірақ жоба басталғалы белгілі ақын Жүрсін Ерман қарсы болды. Бағдарламаның екінші маусымында Ж.Ерман ұлттық арнаға директор болып келіп, біздің ұжымды жұмыстан қуып, айтысты жабуға күш салды. Сол кездегі төраға С.Әбдіхамитовке «Не Ертай кетеді, не мен кетемін» деп серт қойыпты. Оны маған төраға шақырып айтты. Басталып кеткен бағдарламаның бел ортасынан тоқтатудың реті жоқ. Сол жолы мен емес, жұмыстан Ж.Ерман кетті. Алайда ырду-дырду болған айтысты ұжымдағы 5-ақ адам әупірімдеп жүріп аяқтадық. Сөйтіп, телеайтыс «қайтыс болды».

Қателеспесем, 2018 жылы ғой деймін, қазіргі телеарна төрайымы Л.Танысбай шақырып, эфирге телеайтыс шығаратын болып шешім қабылдадық. Арна директоры Еркін Мұхамеджанов бар бәріміз бірнеше рет кездесу ұйымдастырып, бағдарлама концепциясын бекіттік. Алматыға қайтып, шығармашылық дайындық бастап кеттім. Көп ұзамай жоба жасалмайтынын естідім. Кейін экранға Ж.Ерманның облыстардағы сахналық айтысы шықты. Түсіндім...

2022 жылы Еуразия телеарнасынан айтыс көрсету мүмкіндігін алдым. Айтыстың халық сүйіп қарайтын бағдарламасы екенін орыстарға түсіндірдім. Жоба концепциясын жарты жылдай талқыладық. Аймақтарда айтыс лигасын өткізіп, жыл соңында үздік шыққан ақындардың айтысын – финалды тікелей эфирде көрсететін болып шештік.

Жүрсін ағаның тоқырау заманында айтысты қалай сақтап қалғанын, қаншама тер төккенін жұрт біледі. Біз де білеміз. Оған еш дау жоқ. Осы жолы да «Аға, қазылар құрамында өзіңіз болыңыз. Ақыл-кеңесіңіз керек...» деп Ж.Ерманның алдынан өттік. «Ондай деген әңгіме жоқ. Кім сендерге рұқсат берген?! Қазір жаптырамын мен» деп телефонда дүрсе қоя берді. Жолын тауып, араша сұрап Президент әкімшілігіне шықтық. Қазіргі Президент баспасөз хатшысы Р.Желдібай маған қоңырау шалды. «Айтыс ешкімнің меншігі емес. Біз қолдаймыз. Қаймықпай жасай беріңіз» деді. Түйін шешілгендей болды. Қуандым.

Келісімшарт жасалды. Түсірілім жұмыстарын бастағалы жатырмыз. Біреу уатсаптан қоңырау шалды. Сөйтсем, Ж.Ерман екен. Айтпаған, үркітпеген сөзі қалмады... Бар-жоғы екі бағдарлама түсірдік. Айтыстың болмайтыны туралы ақпарат алдым... Дайын бағдарлама ел көрілмейтін уақытта, жарнамасыз берілді. (Үзінді видеода). Еңбек зая кетті, декорацияға жұмсалған ақша көкке ұшты. Айтыстың тамырына тағы солай балта шабылды. Ж.Ерманның «связі» мықты екен.

Айналайын, қазағым. Айтыс, төл өнер – халықтікі. Оған қызмет етуіміз мүмкін. Бірақ ешкім оған иелік етуге хақысы жоқ. Әкемізден қалған мансап емес, атадан қалған мұра. Халықтың мұң-мұқтажы айтылатын жалғыз платформа. Билік пен халық арасындағы алтын көпір.

Биліктегі шешеуніктер!

Айтыс жаңаруы керек, жаңғыруы керек. Жастарды тәрбиелейтін, сөз қадірін насихат жасайтын бірегей өнер екенін түсініңіздер. Бойында таланты бар жастардың стимулы болуы тиіс. Онсыз да рухани жұтап жүрген жастарға азық бұл. Айтыс ұйымдастыру оңай шаруа емес. Қашан да дайындық, білім керек. Қазір әр жерден жылт етіп басы-аяғы жоқ айтыстар өтеді ара-тұра. Сапасын жұрт көріп отыр. Қазаққа тән өнерге жанашырлық керек", - деп жазды. 

«Жанат Бақыттың айтқаны келіп жатыр» - Жанар Байсемізова
«Ішім, сыртым рухани бай болғандықтан көп нәрселер мен үшін маңызды емес» - Ерке Есмахан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу