Cәләфизмнің орталығы – оңтүстік пе, батыс па?
Белгілі теолог, дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай “Қала мен Дала” газетінің сайтына берген арнайы сұхбатында сәләфилердің орталығы Атырау, Ақтөбе, Жезқазған емес, Шымкент екенін мәлімдеді. «Қазақстандағы сәләфилердің ең үлкен ошағы қайда орналасқан?» деген сұраққа профессор былай деп жауап берді: «Қазақстандағы бүкіл вахабизм, сәләфизмнің саяси-экономикалық бүкіл орталығы Шымкентте. Ол туралы ешқандай анализ көрген емеспін. Анализдерде солай жазылды деген нәрсе көрген емеспін. Таң қаламын, қалай Шымкенттегі сәләфилерді көрмейді де, Ақтөбедегіні көріп қалады? Неге Атыраудағы сәләфилерді көріп қалады да, Шымкенттегіні көрмейді? Санын қарасаң, мысалы 10 мың сәләфи бар Шымкентте. 5 мыңы қалған облыстарда. Ал неге оны айтпайды? Үлкен саясат бар деп ойлаймын. Үлкен күдігім бар осы туралы». Теолог, дінтанушы Досай Кенжетайдың жауабын өзгеріссіз, сол күйінде келтіріп отырмыз. Бұл саланың маманы болмағандықтан дінтанушы жауабына қатысты ештеңе айта алмаймыз. Алайда, оңтүстік өңіріндегі дінтанушылар пікірін білдірер деген үмітте едік. Біршама уақыт өткенімен мамандардың растаған немесе жоққа шығарған пікір-ойын ести алмадық.
Дегенмен, облыстың наиб - имамы Амантай Садиев «Оңтүстік Қазақстан облысының имамдары» атты облыстық форумда сөйлеген сөзінде Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстанда тыйым салынған діни ағымдарда жүрген 3 мыңға жуық адам барын мәлімдеді. Сондай-ақ, наиб имам дінтанушы Досай Кенжетайдың пікіріне қатысты өз көзқарасын білдірді. «Сәләфит ағымын уағыздаушылардың көбісі Оңтүстік Қазақстаннан шыққанын мойындау қажет. Наиль, Ринат, Назратулла, Октам, Ділмұрад, Халил, Дарын – бұл түрлі сәләфиттік ағымның жетекшілері, бізде туған, оңтүстікте, осында өскен, бірақ Мединаға кетіп қалғандар. Шымкентті сәләфизмнің орталығы деп есептеу қате болар еді. Бұл мәселеде мен Досай Кенжетаймен келіспеймін. Сәләфиттік идеология негізінен Батыс Қазақстанда шоғырланған – Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Оралда. Ал, Алматы, Тараз, Қызылорда және Шымкентте - одан аздау. Өскемен және Қостанайда ваххабизм идеологиясы өте әлсіз», - дейді Амантай Садиев. Наиб-имамның айтуынша, сәләфит жетекшілері оңтүстікте 90-шы жылдары пайда болған. Араб елдеріне оқуға кеткен жастар қазақ елінің мұсылмандары үшін жат идеяны «жұқтырып» оралған. Алайда, олар оңтүстікте мүдделестер жинай алмапты. «Бұл арада құқық қорғау орындарының жақсы жұмыс істегенін айту қажет. Екіншіден, оңтүстік жұрты ұлттық дәстүрге берік, сондықтан да сәләфиттер өз идеяларын таңа алмады. Үшіншіден, облыста 700 мешіт жұмыс істейді, яғни мыңнан астам дінтанушы дәстүрлі исламды насихаттайды. Осындай себептерден тыйым салынған ағымдарды ұстанушылар бұл жерде бас көтере алмайды. Ваххабизм байлық бар жерде өркендейді. Батыста мұнай мен қаржы бар. Ол жақта сәләфиттік «тәкфир» тобы таралған. Оны ұстанушылар соғысқа үндейді. Олар басқыншылыққа бейім. Ал оңтүстікте «матхалит» тобы көптеу – ал олар негізінен идееологиямен айналысады, тыныштау», - дейді наиб-имам. Сондай-ақ, ол «елдің басқа өңірлерімен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан облысында діни ахуал тұрақты» екенін айтты.
Мұрағаттан, 2016 ж