Адасудың алды соқпақ, арты жар... Немесе «қарулы» жиһадшылар жорығының соңы немен аяқталды?

Oinet.kz 07-06-2019 1239

20170708160941263_big.jpg

Талдықұлдың діни лақап аты - «Дауд». 2010-2011 жылдар аралығында діни білімін жетілдіру үшін Алматы қаласына барып, Азамат есімді ұстаздан дәріс алады. Азамат Исламның дәстүрлі емес, радикалды, такфирлік, жиһадтық бағытта құлшылық етушілердің қатарынан болатын. Ол 2011 жылдың желтоқсанында терроризмге қарсы операция жүргізу барысында қаза болды. Азаматтан дәріс алу барысында Талдықұл жеке және қарулы жиһадты жүргізу көзқарастарын қабылдап, соған дағдыланып, санасы уланып үлгерген-ді. Талдықұл Азаматтың тобына түбегейлі кірмегенімен, оның ғаламтор, өзге де ақпарат көздері арқылы Сирия Араб Республикасында мұсылмандардың қысымға ұшырап, өздерінің діні үшін зорлық көріп жүргендерін мысалға келтіріп, зардап шегіп жүрген мұсылман бауырларына көмектесуге шақыратын уағыздарына мұқият зер салып жүрді. Жаңылысқандарға қарсы қасиетті соғысқа қатысу - әрбір мұсылманның міндеті деп ұдайы насихат жүргізген Азамат «жиһадтың» маңызы мен мақсатын түсіндірген аудио және бейнежазбаларды да ғаламторға тастап отырған. Теріс ағымның құрған торына біртіндеп іліне берген Талдықұл ақыры Сирияда жүрген террористік топтарға қосылып, қолына қару ұстау туралы ойға бекінеді. Мұның соңы террористік топ құруға ұласады. 

Адасушылық жолға біржолата түскен Талдықұл 2011-2013 жылдар аралығында өзі құрған «Дауд жамағат» террористік тобына мүшелерді тарту үшін Алматы, Шымкент қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында белсенді түрде жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде бірнеше азамат топтың мүшесіне айналып, олар өз таныстарының арасында терроризмді насихаттауды ұлғайтады. Топ қызметін күшейту мақсатында қаржы көздерін де іздейді. Бұл тұрғыда топ мүшесі Ерлан белсенділік танытты. Ол қаржы мәселесін қамтамасыз етуші ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында ұн сатумен айналысатын кәсіпкерлердің ақша аударымына көмектесіп, осы еңбегі үшін белгілі мөлшерде сыйақы алып отырды және бұл жұмысқа өзінің тектес, яғни фамилиялас немере ағайындарын да тартады. Олар Ерланның заңға қайшы келетін қауіпті шаруамен айналысатынын біле тұра келісімін беріп, жұмысты бірге жүргізеді. 

2011 жылдың қазан-қараша айларында Ерлан шетелдік бір банктың Алматы қаласындағы филиалында өзінің туысының атынан оффшорлық фирма ашып, ақша аударымдарын алып отыру және Сирияға өзімен бірге ала кету мақсатында аталған банктен «Viza» карточкасын рәсімдеп алады. Өз кезегінде Ерланның бұл туысы мұны қандай мақсатта пайдаланғалы отырғанын білсе де келісімін беріп, қайта қолдау көрсетеді. Әлгі фирманың жұмысын жүргізуге ұйымның тағы бір мүшесі Бекқұл да қызу араласып, террористік қызметті қаржыландырудың жолына түседі. 2012 жылдың ақпаны мен 2013 жылдың қарашасы аралығында әлгі фирма арқылы 252 962,50 АҚШ доллары көлемінде пайда табады. Бұл қазақ ақшасына шаққанда 38 067 776,87 теңгеге тең болады. Белсенділер қаражат табудың басқа да жан-жақты жолдарын қарастырып, тіпті, топ мүшелерінің атындағы жер телімдерін де теңгеге айналдырып, Сирияға аттанған «жиһадшыларға» жіберумен болған. Қаражаттың бір бөлігіне атыс қаруларын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар сатып алады. Талдықұл айналасына топтастырған өз адамдарын айтқанын екі етпейтін дәрежеге дейін жеткізіп, Сирияда өтіп жатқан қарулы қақтығысқа жан-жақты даярланады. 

«Аль-Каида» 2005 жылы Астана қалалық сотының шешімімен террористік ұйым ретінде танылып, ел аумағында әрекет етуге тыйым салынған. Талдықұл бұл жаңалықтан бейхабар емес еді. Алайда, осыны біле тұра әлгі ұйымның мүшелерімен тізе қосып, алғашқы ниетін жүзеге асыру мақсатын әрі қарай жалғастыра береді. Сақтық шараларын жасауды да ұмытпай құқық қорғау органдарының көзіне түспеу жолдарын қарастыра бастайды. Осы мақсатта өзі құрған топтың бір белсендісіне Біріккен Араб Әмірлігіне шығу жолдарын қарастыруды тапсырады. Әрине, шетелге шығу үшін бизнесті сылтауратуы тиіс екенін түсіндіруді де ұмытпайды. Көздеген мақсатына қол жеткізіп, қылмыстық топты ұйымдастырушылар Талдықұл мен Ерлан шетел асады. Артынан тағы бір топ мүшесі Серік те сонда аттанып, бұл іске, тіпті, өз ұлы Әсетжанды да араластырады. Сирияда отырып, елдегі жігіттерді сонда шақыру жоспарын құрып, нәтижесінде 2012-2013 жылдар аралығында бірнеше азамат Қазақстаннан Сирияға шығып кетті. Ал, Серік біршама уақыттан кейін құпия түрде Шымкентке қайта оралады.  

Сирия топырағына табаны тиген қазақ жігіттері «Аль-Каидаға» кіретін, Сирия аумағында әрекет ететін «Ирак және Леванта Ислам мемлекеті» атты террористік ұйымның құрамдас бөлігі болып табылатын «Дауд жамағаты» террористік топтарының мүшесі ретінде сол мемлекеттің әскеріне қарсы соғыс қимылдарына қатысады. Сирияның әскери тұлғаларына, беделді үкімет өкілдеріне, ресми билікті жақтайтын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қарсы бағытталған актілер жасауға белсене кіріседі. 

Террористік топтың Әсетжан, Бекқұл бастаған елде жүрген мүшелері қаражат табумен қатар Сирияда жүргендердің нұсқауымен олардың отбасы мүшелерін шетелге жөнелту жұмыстарымен де шұғылданады. Құқық қорғау орган қызметкерлерінің назарына түсіп қалмас үшін мұндай операцияның бірнешеуін Қырғыз асып, Бішкектегі әуежай арқылы да шығарып салып отырған. 

2011-2012 жылдар аралығында террористік топ мүшелері террористік мақсатты көздейтін қылмыстар жасау үшін көптеген қару-жарақтар мен оқ-дәрілер, жарылғыш заттар сатып алады. Атап айтқанда, 3 дана 5,45 мм калибрлі «АКС-74У» модельді автомат 6 дана оқжатарымен, 1 дана «Наган» әскери револьвері, 1 дана 7,62 мм калибрлі «Сайга» модельді карабин, 1 дана 12 калибрлі «Винчестер» жалғыз тегіс ұңғылы мылтық, «18х45» калибрлі «Оса» кешені ұңғысыз тапанша, 5,45 мм калибрлі жалпы 236 дана патрон, 7,62 мм калибрлі 45 патрон, 7,62 мм калибрлі (ТТ) 18 дана патрон, 9 мм калибрлі (ПМ) 90 дана патрон, 5,6 мм калибрлі 19 дана патрон, әскери қару-жарақ штатындағы «УЗРГМ-2» жарғышымен жабдықталған жарықшақ-шабуыл «РГД-5» қол гранатасын Алматы мен Шымкент қалаларынан заңсыз сатып алып, бір-біріне тасымалдап, өздерімен бірге алып жүрген. Ал, 2012 жылдың желтоқсан айында, яғни Талдықұл өзі басшылық жасайтын топтың бір мүшесі арқылы бұл қару-жарақтың барлығын Мақтарал ауданындағы ағасы Мақсаттың үйіне алып барып, ол шатырына жасырып, заңсыз сақтайды.

2013 жылдың аяғына таман Талдықұл өзінің қылмыстық әрекеттерінің айқындалып, құқық қорғау органдарына мәлім болғанын біліп, болашақта елге оралғанда террористік мақсатты көздейтін қылмыстарды жасау және Қазақстанда қылмыстық жазаға тартылмай қалған топ мүшелерін қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін өзінің ағасының үйінде сақтаулы тұрған қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді басқа жерге жасыруға нұсқау береді. 

- Уақыт өте аз, ана нәрсені жоқ қылғын, - деді Сириядағы інісі Талдықұл.

- Ойбо-ой, оны қалай жоқ қыламын? 

Бойын қорқыныш билеген Мақсаттың алғашқы жауабы осы болды. Алайда, ол інісінің нұсқауынан шыға алмады. Әрі қарайғы әңгіме төмендегіше, өте құпия сөздермен өрбіді.  

- Білесің ғой, просто көп емес, бір метр.

- А-а?

- Төмен қарап.

- Аха.

- Бір метрге төмен қарап, жақсылап орап, майлап, болды. Хорошо?

- Әй, өздерің әкете алмайтын болдыңдар ма? 

- Жоқ-жоқ-жоқ.

- Ы-ы.

- Болды. Хорошо?

- Ы-ы, бопты. Аха, бопты.

- Мен саған сенемін, бірақ, өте срочно.

- Ойбо-ой, оны мен бір қолым, үйде ешкім жоқ кезде...

- Просто өзің қарағың или басқа жер, бірақ қазір.

- А, бопты. Аманшылық па, әйтеуір?

- Қорқатын еш нәрсе жоқ, иә, да-да, аманшылық. Біздің бұл соңғы әңгімеміз болса керек.

- А-а, бопты.

- Кейін шығады сол баяғы мен айтқан кішкентайлар бар ғой?

- Ау?

- Мен, айтқан кішкентайлар өскеннен кейін шығады деймін.

- А, бопты, мақұл онда

- Қорықпа, мықты бол, мықты болғын...

- А-а, мен сендерді келетін шығар деп күтіп жүр едім, болмайтын болды десей онда, иә?

- Иә, ол адам жоқ уже, ол адам кетті, қайтты.

- О-ой, бейшара.

- Естіп жатсың ба?

- Иә-иә-иә.

- Ол адам көкке кетті, біраз адамдар. Жақсы-ы.

- Жақсы онда.

- Кездесеміз. 

- Иә, құдай қаласа.

- Бәріміздің кездесетін жағымыз сол жақ.

- Иә.

- Не қылып жатырсың, әрекет қылып жатырсың ба?

- Эй, шыға алмай қалдым ғой, со-сонымен, сонымен отырып қалдым ғой. тырп ете алмай қалдым ғой, не істерімді білмей.

- Давай-давай-давай, қорықпа оны, қорқатын еш нәрсе жоқ. Мейлі онда.

- А,бопты, давай...

 (Телефондағы әңгіме сөзбе-сөз алынды. Зерттеуге ұсынылған бұл материалда азаматтардың «қарулы» жиһадқа шығуын ұйымдастыру үшін жәрдемдесу қызметін көрсету мақсатындағы жасырын іс-әрекеттердің белгілерін қамтитын мәтіндер бар екені анықталған).

...Мақсат інісінің нұсқауын бұлжытпай орындауға кірісіп, шатырдағы қару-жарақтарды жақсылап майлап, мұқият орап, үйінен жырақтау жерге апарып, көміп тастайды. Алайда, ұдайы қауіп тудырушы қару Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу тобының қызметкерлерімен әшкереленіп, 1-1,5 метр тереңдікке көмілген жерінен қазылып алынды. Осыдан кейін жіптің ұшы саусаққа ілініп, мән-жайдың барлығы бірінен кейін бірі жіпке тізілген моншақтай су бетіне шыға берді...

Әрине, сотталушылар әртүрлі желеу айтып, «шетелде жүріп, нақты нұсқама бергендердің Сирияда екенін білмедік» деп ақиқаттан жалтаруы нәтиже бермеді. Олар нақты айғақтармен дәлелденді. Сөйтіп, Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ш.Бийсимбаеваның төрағалық етуімен өткен сот үкімімен 1987 жылы туылған Әсетжан мен 1983 жылғы Бекқұлдың жеке мүлкі тәркіленіп, 9 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалса, 1964 жылы туылған, Әсетжанның әкесі - Серіктің мүлкі тәркіленіп, 8 жылға, ал Сириядан тікелей нұсқау беруші Талдықұлдың ағасы Мақсат 5 жылға темір торға тоғытылды. Міне, осылайша адасушылықтың ақыры темір торға қамалумен аяқталып, қаншама тағдыр тәлкекке түсті. Әйтеуір, абай болайықшы ағайын. Алла адасушылықтан сақтасын, тура жолдан тайдырмасын деп тілейік. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Хижабқа қатысты пәтуа шықты
Сириядағы соғысқа қызығудың соңы сотталумен аяқталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу